Египеттің Синай жартыаралында апатқа ұшыраған ресейлік Airbus А321 ұшағына лаңкестік шабуылдың жасалғандығы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Енді сарапшылар осы жайттың қалай орын алғандығының бейненұсқасын әзірлеп шықты деп жазады Lifenews.
Бейнероликте жарылғыш зат ұшақтың жүк салғыш бөлігіне жасырылып, іске қосылғандығы көрсетілген. Салдарынан лайнердің артқы бөлігі әуеде-ақ бөлініп қалыпты. Ұшақтың өзі болса төмен құлдилап, ішіндегі жолаушылар орындықтарымен бірге ұшақ бортынан сыртқа шығып кеткен. Әуе көлігі жерге тұмсығымен қадалғандығы да бейнероликте анық көрініп тұр. Аяқ астынан келген апатта экипаж мүшелері қандай да бір әрекет етуге мұршалары келмеген дейді сарапшылар.
Айта кетейік, аталған апаттың лаңкестік екенін Ресей тарапы күні кеше ғана мойындады. Бұған дейін Ұлыбритания мен АҚШ мамандары «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі лайнерді «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары жарған деген болжамын айтқан болатын