Алматы облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға арналған арнайы акция өтті. Шараны «ҚазАвтоЖол» ҰК» филиалы мен жергілікті полиция департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды SN.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылар республикалық маңызы бар «Алматы-Бішкек» автожолының бойында жылдамдықты шектеу белгілерін қойып, арнайы плакаттар әзірлеп жүргізушілерді жол ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға шақырды.
Сондай-ақ, жүргізушілерге жол жүру ережелері жазылған ақпараттық таратпа қағаздар берілді.
Акцияның басты мақсаты – жылдамдықты шамадан тыс асыру және жол ережесін сақтамау салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп қара жолдың бойында қаза тапқандар санының артқанына халықтың назарын аудару, жүргізуші мәдениетін арттыру.
Айта кетейік, 2018 жылы «Алматы-Бішкек» автожолында 171 жол-көліктік апаты тіркелген. Апатта 49 адам қаза тауып, 280 адам жарақат алған.