АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Италия мен Ватиканда да лаңкестік оқиғалардың орын алуы мүмкін екендігін ескертті. Экстремистер Әулие Петр шіркеуі мен Милан шіркеуіне және "Ла-Скала" театрының ғимаратына шабуыл жасауы ықтимал. Сонымен қатар, өзге де шіркеулер мен синагогаларға және қонақ үйлер мен театрларға, мейрамханаларға қауіпсіздікті күшейткен абзал деп жазады ABC News АҚШ билігіне сілтеме жасап.
Римдегі АҚШ елшілігі кеше Италияда жүрген барлық америкалық азаматтарға барынша сақ болуды ескертті. "Лаңкестік ұйымдар күні кеше Парижде қолданған әдістерін Италияда да жүзеге асыруы мүмкін. Италия билігі бұл жайттан хабардар" делінген елшілік таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Парижде орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін Италия билігі Рим көшелерін күзетуге қосымша 700 сарбаз бөлді.
Естеріңізде болса 14 қараша күні Франция астанасында бірнеше жарылыс орнап, лаңкестер "Батаклан" концерт залына қарулы шабуыл жасаған болатын. Осы оқиғалардың салдарынан 129 адам қаза тауып, 350-і жараланды. Лаңкестер сондай-ақ, мейрамханаларға келіп, адамдарға қарата оқ жаудырған.
Осынау террористік актілерді артынша "Ислам мемлекеті" ұйымы өз мойнына алды.