19.11.2015, 10:25

Вагондарының арасына жасырынып қашқан әйел ұсталды

www.orinfo.ru

Әйел пойыз вагондарының арасына жасырынып, Қазақстаннан шығып кетпекші болғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Қазақстан ҰҚК шекара қызметі. 

Оңтүстіктегі Сарыағаш шекара отрядының "Сарыағаш" шекара заставасынан өтіп, теміржолдың Өзбекстанға кіретін тұсында «ақ көпір» аталып кеткен жер бөлігінің шекарашыларға ауық-ауық «тосын сый» ұсынып тұратыны бар. Соңғы рет осыдан 20 шақты күн бұрын жүйткіп бара жатқан жүк вагондарының арасына жасырынып тұрған шекара бұзушыны қазақстандық шекарашы байқап қалып, өзбекстандық әріптестеріне хабар беру арқылы бірлесіп қолға түсіргені жайлы ақпарат құралдары арқылы жариялаған едік. Тура сондай жағдай кеше тағы қайталанды. Бірақ осы жолы «трюкті» қайталаушы әйел адам болып шықты. 

«Шекарашылардың өзара хабар алмасуы арқылы бұл шекара бұзушы әйел Өзбекстан аумағында ұсталды. Кім екендігін, неліктен бұндай қадамға барғандығын өзбек әріптестер анықтайтын болады»,-делінген хабарламада.