Алматыда өтетін «Универсиада-2017» бюджеті екі есеге қысқартылды. Бұл туралы Универсиадаға дайындық барысы аясындағы Отандық өнім өндірушілердің ынтымақтастық форумы кезінде Ұйымдастыру комитетінің директоры Әсет Әбдуалиев мәлімдеді.
«Соңғы айда Универсиада бюджеті екі есеге, 17 миллард теңгеге дейін қысқарды. Біз спортқа қатысы жоқ бірнеше шығынды қысқарттық. Ең алдымен, Универсиаданың ашылу және жабылу салтанатына бөлінген қаражат 1,2 миллард теңгеге қысқартылды. Ашылу, жабылу салтанаты болады, дегенмен қысқарған форматта өтеді», — деді Ә. Әбдуалиев.
Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, «Универсиада Мәдениеті» жобасы, халықаралық PR және маркетингке 1,5 миллард теңгеге қысқарту жасалды. Бір миллиард теңге көлемінде көлік шығындары қысқартылды. «Көліктерді сатып алмай, жалға аламыз. Шараның дайындығын көруге бөлінген қаражатты 500 миллион теңгеге қысқарттық», — деді директор.
Айта кетейік, шара 53 миллион еуроға өткізілгелі отыр. Ал бұдан бұрын Универсиада-2011 өткізу үшін Түркия 83 миллион еуро жұмсады, Қытайда 2009 жылы 105 миллион евро жұмсалды, ал 2013 жылы 500 миллион еуро жұмсалды.