$ 445.66  474.58  4.78

Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

Өз сөзінде Серік Сәпиев кеңес мүшелеріне өзіне артқан сенімі үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін айтты.
Фото: inform.kz/kz
Фото: inform.kz/kz

Щучинск қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер Дене шынықтыру және спорт саласындағы келісім қатысушыларының  Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес отырысына ТМД мемлекеттері (Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) спорт және дене шынықтыру саласындағы құзыретті органдарының басшылары, сонымен қатар ТМД Атқарушы комитеті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ведомстволық бағыныстағы ұйымдар мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының өкілдері қатысты.

Шара алдында Серік Сәпиев 2019-2020 жылдар бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері өкілдерінің Спорт және дене шынықтыру кеңесінің төрағасы болып сайланды. Өз сөзінде Серік Сәпиев кеңес мүшелеріне өзіне артқан сенімі үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін айтты.

«Қазақстанның спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясат бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын қатар дамытуға негізделген. Халықты тұрақты түрде спортпен айналысуға тарту маңызды болып саналады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырманы орындау аясында жасалған жұмыстардың нәтижесінде спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатын адамдар саны 29,8 пайызды құрады», - деді Серік Сәпиев.

Отырыс барысында кеңес мүшелері өз елдерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінде аталмыш салада жүзеге асырылатын мемлекеттік саясат мәселелері қарастырылды. Еліміздің спорт саласына цифрлық технологияларды енгізу мен 2021-2030 жылдарға арналған ТМД қатысушыларының Спорт және дене шынықтыру саласындағы стратегия жобасы талқыланды.

Кездесу соңында ТМД қатысушы мемлекеттерінің спорт және дене шынықтыру бойынша қабылданған шешімдерінің хаттамасына қол қойылды.

Спорт және дене шынықтыру бойынша кеңес ТМД мемлекеттерінде жыл сайын өтіп тұрады. 2018 жылы шара Арменияда өткен болатын. Келесі кеңес 2020 жылы ТМД мемлекеттерінің алғашқы ойындарының аясында Татарстан астанасы Қазанда ұйымдастырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары