Айқын Төлепберген келіншегі Жұлдыз Өмірғалидің әнші болғанын қаламайды. Өнер иесі балаларының анасын тек кино әлемінде көргісі келеді. Бұл туралы ол «Хабар» арнасынан шығатын «Ережесіз әңгіме» бағдарламасында айтты. «Негізі мен Жұлдыздың актриса болғанын қалаймын. Себебі, әнші қыздың күйеуі болған қиын. Әншілікке қатты бел буғым келмейді. Оны жүргізушілікке де шақырып жатыр. Мысалы, мен Қостанайда жүрсем, ол Атырауда жүрсе, бала-шағаға кім қарайды? Оған хабарласасың, ол ән айтып жатып, телефонын көтермейді. Сосын жынданып, «Қайдасың? Не істеп жатырсың? Фото жібер» деп. Қазіргі жігіттер мен қыздар сондай ғой.
Актриса болса, өзім қадағалаймын ғой. «Мына киноға түсесің, мына киноға түспейсің» дегендей. Қыздарға карьера мен отбасын ұстап тұру қиын», – дейді ол.
Айта кетейік, Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғалидің бүгінде 1 ұлдары бар. Өнерлі жұп екінші сәбилерін күтіп жүр.