07.06.2019, 10:21

Түркістан облысындағы 12 жасар қыз тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Жауапты мамандар болса, бұл мәселенің жақын арада шешілетінін енді ғана айтып отыр.

Түркістан облысындағы Отырар ауданында 12 жасар қыз құжат бойынша өлі болып шыққан, деп хабарлайды КТК телеарнасы

Айжан Аманжолдың ата-анасы қызына қатысты бұл деректі былтыр кездейсоқ біліпті. Содан бері аудандағы құзырлы мекемелерге шағымданғанымен, Айжанның тірі екенін құжат бойынша рәсімдей алмай әлек. Жауапты мамандар болса, бұл мәселенің жақын арада шешілетінін енді ғана айтып отыр.

7-сыныпты бітірген Айжан демалыс кезіне берілген тапсырманы орындап та қойыпты. Ресми түрде мектепке барып, медбақылау кезінде екпе алып жүрген қыз 5 жылдан бері тірілер қатарында жоқ. Оның о дүниеліктердің санатында екенін былтыр анасы қызын ауруханаға апарғанда бір-ақ біліпті. Айжанның шақалақ күнінде шетінеген егізінің сыңарымен шатасқан болуы керек деген жорамал да жоққа шыққан.

Жанат Сүлейменова, Айжанның анасы:

- «Өлді» деп шыққан компьютерден. Сіңілімнің егізі бар сонымен шатысты деп ойладым. 2014-те деп қайтыс болған деп тұр. Қызымның құжатын дұрыстап берсе деймін.

Тірі қызының 2014 жылдан бері өлі екенін біле сала құжаттағы ақауды реттемек болған жақындары Отырар ауданындағы құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырумен жүр. Аудан әкіміне айтайын десе оған да жолатпайды дейді.

Жанат Сүлейменова, Айжанның анасы: -

Жекеменшік ауруханаға көрсетіп жатырмын. Басы ауырады дейді. Емделмесе ертең өзінен – өзі сөйлей беретін біртүрлі ауруға шалдығуы мүмкін екен.

Маңына жолатпайды деген шенеуніктер, алайда, бүгін өздері келді. Ауыл әкімінен бастап, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшылары келіп, сабырға шақырумен әлек. Сөздеріне сенсек, қате техникадан кеткен. Ал, бір жылдан бері бар атқарылған іс – аудан шенеуніктерінің бәрі жабылып электрондық үкіметтің шұғыл желісіне хабарласқаны екен.

Қалзира Кизбай, Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- ҚР жедел ақпараттық жүйесіне телефон шалдық. Енді ол жерде біздің өтінішті қабылдап алды. 21 күн аралығында мәселе шешіледі деді. Сол Ішкі істер министрлігінің базасынан қате кетіп тұр.

5 жыл бұрын кеткен қатеге кімнің жауап беретіні беймәлім. Және былтырдан бері неліктен нәтиже шықпағанын айтып берер жауапты шенеунік ауданда жоқ. Десе де, бір жылдан бері шешілмеген мәселені бір қоңырау арқылы ары кетсе 20 күнде шешеміз деп отыр. Өзге де құжаттарына көмектесуге дайынбыз деп, құлшыныстары да артып тұр. Тек Айжаның отбасы мұндай сөзге сенуден қалған.