$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда аналар жиынына кедергі келтірген бір топ әйел шу шығарды

«Кешеден бері олар маған хабарласып, жиынға бармауды, мәселелерді айтпауға үгіттеді. Мен мұны дәлелдеп бере алам», - деді Жансая Жанабаева.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

7 маусымда Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюрода 20 шақты әйел көп балалы аналар жиынын өткізуге кедергі келтіріп, айғай-шу шығарды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өздерін «көп балалы анамыз» деп таныстырған бір топ әйел жиынды ұйымдастырған азаматтарға айғайлап, олардың көп балалы аналар атынан баспасөз жиынын өткізуге құқықтары жоқ екенін айтқан, деп жазады Азаттық. 

Жиынды өткізушілер және пресс-клуб иелері оларды тоқтатуға тырысқанмен әйелдер көп балалы аналар мәселесін айтпақ болған ұйымдастырушыларды айыптаған. «Қазақстанның Украинадағыдай болғанын қаламайтынын» жеткізіп, «ел тыныштығын бұзбауды» талап еткен. Ұрыс шығарған әйелдер «мемлекеттің бес ай ішінде көп балалы отбасылардың барлық әлеуметтік талаптарын орындағанын» айтып, «мәселелері шешілмеген аналардың өздері құжаттарын дұрыс рәсімдей алмай жүргенін» жеткізген.

Ақырында жиынды ұйымдастырушылар кетіп қалған. Осылайша «Қазақстандағы көп балалы аналардың шынайы мәселелері: Алматыдағы жағдай» атты баспасөз конференциясы өтпей қалды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жиынға кедергі жасаған әйелдердің кейбірі «өздерін әкімдік өкілдері жібергенін» айтқан.

Жиынды ұйымдастырған аналардың бірі, көп балалы ана Жансая Жанабаева Азаттық тілшісіне көптен бері әкімдікке баспана мәселесін айтқанмен шешілмегенін, өзі сияқты аналар көп екенін жеткізді. Ал жиынға кедергі келтірген әйелдер осы шындықтың қоғамға жеткенін қаламайды деді.

«Кешеден бері олар маған хабарласып, жиынға бармауды, мәселелерді айтпауға үгіттеді. Мен мұны дәлелдеп бере алам», - деді Жансая Жанабаева.

Жиында «айғай-шу шығарғандар арасында» Асылы Осман, Аягүл Төреқызы сияқты қоғамға танымал азаматтар болған. Асылы Осман өздерін «әкімдік жіберді» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол жиын жайлы кездейсоқ білгенін, «ел тыныштығын қорғау үшін жиынға барғанын» айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары