Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының №58 сайлау учаскесінде 18 жасқа толған жасөспірімдерге сыйлық таратылып жатыр, деп хабарлайды holanews.kz.
"Сайлау учаскесі сағат 7-де ашылды. Дауыс беру басталды. Олардың ішінде алғашқы дауыс берген, бірінші рет дауыс берген, тағы жасы үлкен ата-апаларымызға сыйлық бердік. Таңертең ерте келіп, құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғыс білдіреміз. Көңіл-күйімізді осылай көтеріп жатыр. Бүгін 18 жасқа толғандардың барлығы сыйлық алады. Сайлау учаскесіне келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға да сайлау учаскесінің комиссия мүшелері үйлеріне барып сыйлығын табыстайды. Сыйлықтардың ішінде фен, шайнек, үтік, ас үйге арналған ыдыстар бар. Учаскедегі сайлау комиссиясында 11 адам жұмыс істеп жатыр", - деді №58 сайлау учаскесінің төрағасы Қымбат Іргебаева.
Сонымен қатар, елордадағы «Қазақстан темір жолы» компаниясының ғимаратында орналасқан № 110 сайлау учаскесіне келген жасөспірімдерге сыйлықтар берілген.
«Тұңғыш рет дауыс берушілер, сондай-ақ 9 маусымда туған күнін тойлайтын жұртқа бұл сәттің маңыздылығын атап өту үшін естелік сыйлықтар әзірледік. Олардың арасында футболка, кепка, кітаптар секілді заттар бар. Сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс беретін 50-ден астам жас тіркелген», - деп мәлімдеме жасады № 110 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Дархан Матаев.
Сондай-ақ, бүгінгі сайлаумен тұспа-тұс келген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Аслан Асқардың туған күні. Ол бүгінгі сайлауға дауыс беріп қана қоймай, 18 жасын тойлайды.
«Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Сайлауда алғаш рет дауыс бердім, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Алға қойған мақсаттарыма қол жеткізу үшін жарқын болашағыма алаңдаулымын. Ал біз секілді алғаш рет дауыс берген жастарға арнайы тосын сый жасалды. Мұндай сыйлықтарды алу өте жақсы, бұл бәріміздің есімізде мәңгі қалады», - деді Аслан Асқар.