28 жастағы Нариман Әлімжанов бірнеше жылдан бері кірпік өсірудің шебері. Қазір өз студиясын ашып, шеберлік сыныптарын өткізеді. Ол Қазақстандағы осы істі қолға алған алғашқы ер азамат, деп хабарлайды NUR.KZ.
Нариман Талғар қаласында дүниеге келген. Бірақ Талдықорғанда балалық шағын өткізген. Ол 8-сыныпты аяқтай салысымен жазғы демалыста шаштараз курсын оқыған. «Әкем шаштаразға баруға кеңес берді. Сіздерге түсінікті болу үшін айта кетейін, әкемнің өзі шаштараз. Басында әкемнің ізімен шаштараздық жолды таңдап, қайта даярлау курсынан өттім. Әкемнің арқасында сұлулық индустриясына деген қызығушылығым арта түсті», - дейді Нариман. Айтуынша, ол бала кезінен шығармашылыққа жақын болған екен. «Мектеп кезінде ән айтқанды, билегенді, сурет салғанды ұнататынмын. Мектепішілік іс-шараларда белсенді болдым. Әрдайым сахнада өнер көрсетіп жүретінмін.
9-сыныптан кейін колледжге түсіп, программист мамандығы бойынша білім алдым. 16 жасымнан шаштараз болып жұмыс істедім. 18-ге келгенде бағытымды кірпік өсіру кәсібіне қарай ауыстырдым. Бұл кәсіп сол кездерде Қазақстанға енді келіп жатқан болатын. Менің досым Мәскеуде кірпік өсірумен айналысатын, ол мені үйретпесе де, қандай материалдар қажет екені туралы кеңес берді. Мен екі жыл өз қабілетіммен кірпік жабыстырып жүрдім. Кейін 2010 жылы 2d және «Голливуд» техникасынан біліктілікті арттыру курсынан өттім. 2017 жылға дейін ешқандай сабақ алмадым, бірақ жаңа техникаларды өзім ойлап тауып, біліктілігімді арттырып жүрмін», - дейді жас жігіт.
2013 жылы Талдықорғаннан Алматыға қоныс аударған Нариман салонға жұмысқа тұрған. Алайда әріптестерімен тіл табыса алмай, 6 айдан соң кетуге мәжбүр болған. Алматыда өмір сүру Нариман үшін өте қиынға соққан. Кейін әлеуметтік желі арқылы, кәсібін дөңгелетіп, 2014 жылдан бастап Нариманның тұрақты клиенттері болып танымал адамдар жазыла бастаған. Тіпті қыздар 1 ай бұрын жазылатын болған.
«2016 жылы Алматы бойынша ең танымал «lashmaker» мен болдым. Сол кезде ары қарай даму керек екенін түсіндім. Алдыма сән салоны мен оқу орталығын ашамын деген мақсат қойдым. Наурыз айында алғаш студиямды аштым», - деп өз сезімін мақтанышпен жеткізді шебер.
«Алғаш оқу курсынан өткен кірпік қондыру шеберлерін өз командама жұмысқа алдым. Қазір алғашқылардың бірі болып оқыған қыздардың басында 4-5 салоннан бар. Қазіргі уақытта менің 4 сән салоным бар. Біреуі үлкен салон, оның біреуін орналасқан жері сәтсіз болғандықтан жабуға тура келді. Қалғаны франшиза арқылы жұмыс істейді», - деп бөлісті Нариман. 2013-2014 жылдары айына тек қана кірпік қондыру арқылы 1 млн теңге табыс тауып жүрген.
Отбасы қолдағанымен Нариман халықтан көбіне теріс пікірлер естіп жүрген. Шебер тек қана кірпік жабыстырумен емес, өзге де кәсіп бойынша өзін жетілдіруде. Психология, маркетология ғылымын меңгерген. Нариманның қазіргі айлық табысы 3 миллион теңгені құрайды. Бүгінде ол жұбайымен жарасымды өмір сүруде.