Өскемен тұрғындарын өзге облыстардан танымал әлеуметтік желілер арқылы алдайтындар көбейіп барады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі ШҚО полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе қаласының 27 жастағы тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде теріден тігілген кеудеше сататын интернет-дүкен туралы жалған аккаунт ашқан. Жарнамаға иландыру үшін тіпті кеудешелердің суреттерін салып, Қазақстанның кез келген нүктесіне жеткізіп беру мүмкіндігі бар екенін хабарлаған. Ол үшін «Qiwi-әмиянға» төлемнің бір бөлігін алдын ала аудару қажет деген шарт та қояды. Ол шартқа 2017 жылдан бері 8 адам ойланбай келісіп, жалпы жиыны 800 мың теңге аударған.
«Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Азамат Раисов.
Ал Қостанай облысының шалғай ауылында тұратын 29 жастағы азаматша «Колеса» сайты арқылы автобөлшектер «сатқан». Базардағы бағадан әлдеқайда арзан тұратын тауарды алу үшін көрсетілген телефон нөміріне терминал арқылы қаражат аудару қажет болған.Оның бұл тұзағына өскемендік 2 адам түскен.
25 жастағы бір тұрғын «Audi» көлігіне қозғалтқыш алу үшін 83 мың теңге аударса, 51 жастағы азамат 120 мың теңге салып, түбіртектің суретін жіберген. Осыдан кейін қостанайлық күдікті байланысқа шықпаған.
«Полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, қолға түсірді. Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция азаматтардан виртуалды кеңістікте сауда жасау кезінде қырағы болуды сұрайды. Ешқашан тауар үшін алдын ала төлем жасамаңыз. Жасаған күннің өзінде жасырын жүйелерді пайдаланбаңыз», - дейді Азамат Раисов.