Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі педагог Тұрлыханова Мәрзия Айтбайқызы дүниеден өтті. Қаралы хабарды ұлы, Азия күресі кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов өз Instagram-парақшасында хабарлады.
«Анамыз Тұрлыханова Марзия Айтбайқызы 80 жасқа шыққан шағында 15 маусымда дүниеден өтті. Қоштасу-жерлеу рәсімі 17 маусымда сағат 10:00-де Алматы қаласы, Абай даңғылы, 48А, «Достық» спорт сарайында өтеді», - деп жазды Даулет Тұрлыханов.
Еске сала кетейік, Мәрзия Айтбайқызы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таскескен ауылында 1940 жылы 16 ақпанда туған. Ол - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері.
Сондай-ақ, Мәрзия Айтбайқызы - атақты палуан Дәулет Тұрлыхановтың анасы.
Сонымен қатар, ертеректегі тыңдармандардың сүйікті әні «Асыл әжем» туындысы Марзия Айтбайқызына арналған. Әнді немересі Рахат Тұрлыханов орындаған.