$ 494.87  520.65  4.91

Қажетсіз заттар сатып алмаудың 10 жолы

Бұл ережелер сауда жасаудағы ойыңызды түбегейлі өзгертеді, деп жазады woman.rambler.ru
Фото: Япокупаю
Фото: Япокупаю

Бұл ережелер сауда жасаудағы ойыңызды түбегейлі өзгертеді, деп жазады woman.rambler.ru

1. Жеңілдіктер іздемеңіз!

Жаппай сату – сіздің гардеробыңызды толықтай өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Бірақ ондай жеңілдіктер кезінде сапасыз, дақ түскен немесе жыртылған киімдерді алып кетуіңіз әбден мүмкін. Сондықтан ақша үнемдеу жағын ойлап, кассаға асықпас бұрын, «7 рет өлшеп, 1 рет кесіңіз». Одан да қымбатырақ сапалы материалда киімдер алғаныңыз абзал. Себебі арзан сападағы киімдерді бір жуғаннан кейін лақтырып, жаңасын алуға тура келеді.

2. Кез келген тауардың нақты құнын бағалай біліңіз!

Киімді алмас бұрын жеңілдіксіз тұрған кезіндегі бағасын анықтап алыңыз. Мысалы, кешкі сән көйлектің бағасы 35000 теңгені құраса, бір киіліп, шкафта тек тұратын көйлек үшін ондай ақша жою тиімсіз. Одан да, сол бағаға пальто немесе кашемирден тігілген жейде алғанымыз әлдеқайда қолайлы. Себебі біз бұл киімдерді бірнеше рет кие аламыз. Алдымен, алатын киіміңізді нақтылап барғаныңыз жөн. Жиі киілетініне көз жеткізіп барып, сатып алу керек.

3. Гардероб өзіңіздің толық образыңызды көре біліңіз!

Киім дүкенінде кең балақты шалбарды қатты ұнатып, сатып алдыңыз делік. Үйге келгеннен соң, онымен үйлестіріп киетін ештеңе таппадыңыз. Бір шалбар үшін сізге жейде, аяқ киім, тіпті сөмкені де алу керек болады. Артық қаражат жұмсаудан қашудың жолы – ұнатып тұрған киіміңізді үйде бар киімдеріңізбен үйлестіріп, көзіңізге елестетіп немесе дүкеннен өз киіміңізге ұқсас киімді киіп, үйлесімін іздеп көріңіз.

Алатын киіміңізге қарай жоспарлы түрде аяқ киіммен барғаныңыз жөн.

4. Тізім жазып барыңыз!

Егер гардеробыңызды толықтай өзгертуді көздесеңіз, міндетті түрде керекті киімдердің тізімін жазып алыңыз. Сонда ғана нақты қажеттілігі бар киімдерді алып, сәтті сауда жасап қайтасыз. Мысалы, классикалық стильде белдемше алуды жоспарладыңыз. Дүкенге кіргеннен бастап, тек сол затты алуға ниеттенесіз. Өзіңізге ұнамаса немесе жараспаса құр қол қайта берсеңіз болады. Бұл тәсіл арқылы саналы түрде «шопинг» жасап үйренесіз.

5. Кейін сатуға болатындай киімді таңдаңыз

Әйел адам үнемі бір киімнен тез жалығатыны рас. Сондықтан киім алар кезде, ұнатпай қалсаңыз сатып жіберуге мүмкін болатынын қарастырыңыз. Егер мүмкіндігіңіз болса, қымбат брендті сөмке алған жөн. Себебі брендті киімдер немес аксессуарлар құнын ешқашан жоғалтпайды.

6. Материалына мән беріңіз

Егер киіміңіз жібектен, кашемирден, бархаттан болса, оны әрдайым тазалауға беріп, таңертең ертемен тұрып үтіктеуге тура келеді. Сіздің оған уақытыңыз бола ма? Өмір сүру салтыңызға қарай алар киімді саралаңыз. Мысалы, «замаш» етік елорданың ауа райына қолайсыз болып келеді. Біреулер жібек көйлекті 10 жылдан астам уақыт күтіммен кие алады, кейбіреуі алған күні бүлдіріп алады. Егер алған киіміңізде өзіңізді жайлы сезінбесеңіз, ақшаның босқа кеткені.

7. Түбіртекті лақтырмаңыз

Алған киіміңіз көңіліңізден шығып тұрса да, түбіртекті лақтыруға асықпаңыз. Себебі, үйден киіп көрген кезде ұнамайтын тұсын тауып алуыңыз немесе сіз ұмыт қалдырған ұқсас киімді гардеробыңыздан табуыңыз әбден мүмкін. Сондай сәтте түбіртек арқылы киімді қайта өткізу мүмкіндігіне ие боласыз.

8. Соңғы сәндегі киімдерге қызығушылық танытпаңыз

Блогерлер мен танымал жұлдыздар тағып жүргендіктен ғана, сондай аксессуарлар мен киімдерді алу – бассыздық. Өзіңіздің жасыңызға, болмысыңызға қарай мерзімдік сәндегі киімдерді таңдаған жөн.

9. Кәсіби стилисттің көмегіне жүгініңіз

Жақын құрбыңыз немесе жұбайыңыз сізге не үйлесетінін анықтай алмаса, сіздің көркіңізді ашатын, дене бітіміңізге, түсіңізге сай киімді анықтап беретін стилистің көмегін алған дұрыс. Керексіз заттарға шығындалғанша, стилистің қызметіне ақша төлеңіз.

10. Қалтаңызға қарай көсіліңіз

Өзіңіз жоспарлаған шығыннан асып, көрсеқызарлыққы бой бермеңіз. Ең керектілерінен бастап сауда жасаңыз. Соңында ақша қалып жатса, қызыққан ұсақ-түйекті сатып алуға жол беріңіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары