Ресейдің Ульяновск қаласының тұрғындары Efes сыра әзірлеу зауытының аймағында ілінген Түркия туын шешіп алып, оған жұмыртқа лақтырды. Тұрғындар осылайша ресейлік Су-24 ұшағын құлатқандарға наразылықтарын көрсеткен деп жазады LifeNews.
lenta.ru-дың хабарлауынша бірнеше ондаған адам Efes сыра әзірлеу зауытының аймағында қарсылық акциясын ұйымдастырып, Түркия туын шешіп алуды талап еткен. Компания өкілдері бұл шартты орындаудан бас тартты.
Жанжал орнына Ульяновск ауданы Заволжск әкімшілігінің басшысы келіп, жиналғандарды тарқатуға тырысқанымен, онысынан түк шықпайды. Түркия туы қарсылық білдіргендердің қолына түсіп, оны жерге төсеген тұрғындар үстіне шикі жұмыртқа лақтырған.
Efes сыра әзірлеу зауыты — Түркияның Anadolu Efes сыра компаниясының Ресейде 1997 жылдан бері істеп келген бөлімшесі болып саналады.
Еске сала кетейік, 24 қараша күні ресейлік Су-24 әскери ұшағын түріктердің F-16 жойғышы құлатып түсірген болатын. Анкара ресейлік ұшақ елінің әуе кеңістігіне рұқсатсыз енгенін алға тартты.
Ресей президенті Владимир Путин Су-24-ті құлату Ресей мен Түркияның қарым-қатынасына ауыр әсер ететінін мәлімдеді. Ресейлік Бас штаб Су-24-пен болған жайтты халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалап, ауыр салдары болатынын ашық айтты.