Қазақстанның әр облысында көтерме-бөлу орталықтары салынады. Ол жеміс-жидек пен көкөністі тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қазір көтерме-бөлу орталықтарын салу және олардың жұмысын ұйымдастыру жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жаңа дүние. Әрбір облыста осындай орталық салу жоспарланып отыр. Бұл жеміс-жидек пен көкөністі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей, төмен маржамен, делдалсыз сатып алуға және азық-түлік қымбаттаған кезде тауар интервенциясын жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Дәленов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Министр орталықтарды, өкінішке қарай, тез арада салып бітіру мүмкін емес екенін айтты. Бірақ, барлық облыста қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. «Біраз өңірде бұл орталық күзде жұмысын бастайды деп болжап отырмыз. Одан кейін олар тауар интервенциясын жүргізе алады», - деді ол.
Сондай-ақ, Дәленов базарлардағы азық-түлік бағасын қазір де өзі бақылап, қарап жүргенін айтты.
«Базар аралап, бағаны бақылап жүрмін. Бұл әкімдіктермен бірлесіп атқарылатын жұмыс. Әкімдіктерде шекті баға белгілеу сияқты тетіктер бар, тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді. Біздің министрлікке азық-түлік бағасына қатысты азаматтардан арыз-шағым түсіп жатыр. Қазір талдау жүргізудеміз. Мүмкін, мен мұны қатты байқатып жүрген жоқ шығармын, бірақ мәселе тұрақты бақылауда», - деді министр.