Мәжіліс депутаты Азат Перуашев байлыққа қызыққан шенеуніктерді сынады, деп хабарлайды Stan.kz.
«Ақ жол» фракциясының мәлімдеуінше, Қазақстан экономикалық базасының артта қалуына бюджет шығысының кірістен көп болуы және ұлттық қордың қаражатын қайта-қайта пайдалану себеп болып отыр. Олар өз кезегінде бюджеттегі «бос кеңістікті» жабу үшін жұмсалуда.
«Сарапшылар мәліметінше, ұлттық қордың шығысы тағы да табыстан асып отыр. Бұл өздеріне емес, болашақ қазақстандықтарға тиесілі ақшаны қазіргі бюджетті игеріп отырғандардың тиімсіз жұмсап отырғанын білдіреді», - деді Перуашев палаталардың бірлескен отырысы барысында.
Ол, сондай-ақ, мемлекеттік және кепілдендірілген мемлекеттік қарыздың көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Әрі қарай бюджет ақшасын тиімсіз пайдалану әдетке айналғанына тоқталды.
«Біздің мемлекеттік органдар көрпесіне қарай көсілмейді деуге болады. Ал бұл әдеттің түп-тамыры қайта қарауды талап етеді. «Ақ жол» фракциясы осы уақытқа дейін сан мәрте өңірлердегі шенеуніктердің мемлекет қаржысы есебінен байлыққа кенелуге қызығып отырғаны туралы мәселені көтерді.
Жергілікті басшылар бюджет ақшасын тиімсіз пайдалануға үйреніп қалған. Үлкен пәтер, қымбат көліктен бастап жиһазға дейін. Жетер енді? Дәулетті болғыларың келсе, бизнеспен айналысып, ақша табыңдар. Ал мемлекеттік қызметкер бюджеттің әрбір тиынын бағалауы тиіс», - деп қорытты депутат.