$ 498.34  519.72  4.85

Ерлі-зайыпты тәртіп сақшылары: «Түнгі реидтерге бірге шығамыз»

Қос бірдей тәртіп сақшысы бір-бірімен оқу практикасында жүріп танысқан. Соңынан үйленіп, бүгінде екі перзент сүйіп отыр.
Фото: ҚазАқпарат
Фото: ҚазАқпарат

Түркістан облысы, Жетісай аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің Ювеналдық полиция тобында ерлі-зайыпты тәртіп сақшылары қызмет атқарады.

Полиция капитаны Азамат Салтөреев пен аға инспектор Дина Әубәкірованың қосылғандарына биыл сегіз жыл болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қос бірдей тәртіп сақшысы бір-бірімен оқу практикасында жүріп танысқан. Соңынан үйленіп, бүгінде екі перзент сүйіп отыр.

Отағасы Азамат Салтөреевтың айтуынша, 2011 жылы Семей заң колледжін бітіріп келген соң қызметін  Мақтаарал ауданында учаскелік полиция инспекторы болудан бастаған. Бір жылдан соң Жетісай ауданындағы полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі Ювеналдық полиция тобына ауысқан.

«2012 жылы осы топтағы аға инспектор Дина Әубакіровамен танысып, арамызда сезім пайда болды. Көп ұзамай, екеуміз үйлендік. Қазір Алпамыс (6 жаста) және  Шахадат (4 жаста) атты ұлдарымыз бар, бұйыртса үшінші перзентімізді сүюге дайындалып жатырмыз. Жұрт айтып жатады ғой, келіншегі полицей болса отбасына балаларына уақыты болмайды деп. Мен айтар едім, менің жұбайым үнемі жанұямызға да, жұмысына да үлгереді. Әрі екеуміз бір топта жұмыс атқарғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Мәселен, жасөспірімдерге қатысты түнгі реидтерге бірге шығамыз. Балалармен жұмыс істеуде екеуміз ақылдасып, тәжірибе алмасып отырамыз. Ал балаларға қарауда неізінен  ата-аналарымыз бізге қолғабыс етіп отырады»,- дейді полиция капитаны.

Азамат Салтөреевтің сөзінше, бұл мамандықты таңдауға әкесі себепкер болған. Ол кісінің қызметін жалғастырсам деген арманы сол бала кезде-ақ пайда болыпты. 

«Әкем Сағадат Салтөреев осы полиция бөлімінде еңбек етіп, зейнетке шыққан. Бүгінде екінші ұлым Шахадат та ата-анам сияқты полиция қызметкері боламын деп айтып жүр. Әрине, тәртіп сақшысы болу оңай емес. Уақытпен санаспай жұмыс істеуіңе тура келеді. Бірақ адам өзі мамандығын жүрек қалауымен таңдаса, кез-келген қиындықты жеңе біледі әрі жетістікке де жетеді деп айта алар едім. Сондай-ақ, мереке күні әріптестеріме айтарым, қиын да жауапты қызметте биіктерден көрініп, әр күн сайын үйлеріне аман оралсын»,- дейді екі баланың әкесі.  

Ал Дина Әубәкірова болса өзінің де, болашақ күйеуінің де тәртіп сақшысы болғанын мектепте оқып жүрген кезде армандағанын айтады.

«Екеуміз Жетісай қаласында бір мектепте оқығанбыз, бірақ бір-бірімізді танымағанбыз. Кейіннен осы полиция бөлімінде тәжірибеде жүрген кезде танысып, бір-бірімізді ұнаттық. Маған бұл жұмыс өзіме ұнағандықтан қиын деп есептемеймін. Таңертең ерте тұрып, кез-келген уақытта жұмысқа шақырып қалғанда да дайын тұрамыз. Бұл жағынан күйеуіміз екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Полиция қызметкерлері бір-бірімен үйленсе, жанұясы да мықты болады. Үйде жүргенде жұмыс туралы мүмкіндігінше айтпауға тырысамыз. Ал қолымыз босағанда балалармен көбірек уақыт өткізгіміз келеді»,- дейді аға инспектор.  

Бүгінде Ювеналды полиция тобында қызмет атқаратын келіншек кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу өзіне ұнайтынын айтады. Себебі, балалармен сөйлесу, оларды жақсы жолға салу жанына жақын. Дегенмен жайсыз отбасылармен жұмыс істегенде қиналатын кездері болатынын жасырмады. 

«Полиция болғаныммен мен әйелмін, анамын ғой. Жайсыз отбасыларға барғанда көзіме жас келетін кездер де болады.  Ондай кездерде тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Бір күндік тамағын алып берген кездерім де болды. Балаларына тәтті әперіп, анасын жұбатуға тырысамын. Мүмкіндігінше балаларын тастамауға, жетімдер үйін өткізбеуге өтініш жасайтын кездерім де болады»,- дейді полицей келіншек. 

Бүгінде үшінші перзентіне аяғы ауыр тәртіп сақшысы халықты қолда барды бағалауға шақырады. Себебі, жанұядағы жылулық пен ата-ана махаббаты балалар үшін аса маңызды. 

«Мен әрбір баланың ата-анасының қасында, бақытты болса деп айтар едім. Сол үшін азаматтарда тұрақты жұмыс болса, отбасыларында береке болса дегім келеді. Ал өзімде шүкір, барлығы бар. Ата-аналарым аман, мені сүйетін күйеуім мен қос балапандарым бар, өзім жақсы көретін жұмысым бар. Соны бағалауға тырысамын. Жұмыстан шаршап келгенде жанұяңды, балаларыңды көріп демаласың. Маған одан асқан бақыт жоқ. Елімізде бейбітшілік заман болса, әрбір отбасы бақытты күн кешеді деп ойлаймын»,- дейді Дина Әубәкірова.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары