Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексін бұзғаны айғақталған Сара Нұрқатованың орнына адам тағайындалды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін Жаңабай Бексары мен Асқар Биахметов атқарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, кадрлық ауыс-түйіс бүгін болды. Сара Нұрқатова, Білім беру басқармасы мен жастар ісі жөніндегі басқармада қызмет еткен оның ұлы Максим Чаркин, келіні Алуа Қасымова өз қалауы бойынша қызметтен кетті.
«Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкімімен 2015 жылдың 26 қарашасынан бастап Бексары Жаңабай Мұратбекұлы және Биахметов Асқар Сақтағанұлы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Асқар Биахметов еңбек жолын 1998 жылы Ақтөбе қалалық салық комитетінің салық инспекторы қызметінен бастады. Әр жылдары ол қазнашылық басқармасының басшысы, Ақтөбе облысы қаржы басқармасы басшысының орынбасары, Ақмола облысы қаржы департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. 2009-2014 жылдары ҚР Конституциялық Кеңесі бөлімінің меңгерушісі болды. 2014 жылдың қаңтарынан бастап ҚР Ұлттық экономика минстрлігі мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.
Жаңабай Бексары "Қызылордаазаматжоба" жобалау институты инженері, инженер-энергетик, жобаларды бақылау бойынша инженер, "ХаррикейнҚұмкөл-Мұнай" ЖАҚ-ның жетекші инженер-энергетигі қызметтерінде болды. 2002-2010 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, энергетикалық инфрақұрылымдар және минералдық ресурстар басқармасы бастығының орынбасары, өнеркәсіп және көлік басқармасының бастығы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды. 2010 жылдан бастап "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы "KEGOC" АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
"Нұр Отан" партиясына қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатоваға оның жақын туыстарының жетекші қызметтерде жұмыс істейтіні үшін жұмыстан кетуге ұсыныс жасаған болатын. Кейін ол жұмыстан шығарылды.