Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Арыста болған апатты жағдайға орай қолын созып, 14 жедел жәрдем көлігін көмекке жіберген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа алғыс білдіреді, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Түркістан облысының дәрігерлер қауымдастығы «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына 1 күндік жалақыны аударды. Қаржы Түркістан облысының Арыс қаласында болған жарылыстардың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған.
Айта кетейік, 24 маусым күні Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы әскери бөлімшеде жарылыс болды. Оқиға орнына шұғыл түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетіп, жарылыс аумағынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.
Бүгінгі таңда шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Арыс қаласының, Ордабасы ауданының, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларының 22 жедел медициналық көмек бригадасы жұмылдырылған.
Жақын облыстарда (Жамбыл және Қызылорда облыстары) 16 жедел медициналық көмек бригадасы жұмылдырылған және толық дайындықта.
Қажет болған жағдайда жедел тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында борттағы медициналық жабдықтармен және ұтқыр бригадамен жабдықталған 2 санитарлық авиация тікұшағы дайын.
Санитарлық авиация желісі бойынша пациенттерге консультациялық көмек көрсету үшін құрамында реаниматологтар, травматологтар, камбустиологтар, балалар реаниматологтары және нейрохирургтер бар 2 мультидисциплинарлық бригада Алматы қаласынан Шымкент қаласына жіберілді. Қазіргі уақытта мамандар он бір пациентке консультациялық көмек көрсетті, бір пациентке сол жерде операция жасалды.
Сонымен қатар, орталық аудандық ауруханаларға (Отырар, Ордабасы және Сарыағаш аудандары) камбустиолог-дәрігерлер, нейрохирургтер, реаниматологтар және неврологтар медициналық көмек көрсету үшін жіберілді. Мамандар зардап шеккен үш пациентке консультациялық көмек көрсетті.
Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының және Шымкент қаласының аймақтық санитарлық авиация бөлімшесінің мәліметтеріне сәйкес, 89 пациент медициналық көмекке жүгінді және емделуге жатқызылды (Шымкент қаласынан 52 адам, Түркістан облысынан 37 адам).
Жалпы алғанда, Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан және Шымкент қаласының аймақтық санитарлық авиация бөлімшесінен алынған ақпаратты ескере отырып, барлығы 165 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде: 76 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді, 89 пациент стационарлық емдеуге жатқызылды.
Емдеуге жатқызылған пациенттердің ішінен 18 бала, 13 жүкті, 5 босанған әйел.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар ТЖ нәтижесінде зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсету үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.