27.11.2015, 04:12

Әзірет Сұлтан мешітінде ұрлық жасауды кәсіп еткен күдікті ұсталды

Ұсталған ер азамат Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне келушілердің заттарын жиі қолды етіп отырған деп жазады Tengrinews.kz.

Прокурорлардың айтуынша, күдікті жұма күндері белсенділік танытып отырған. Яғни жұма намаз кезінде халықтың көп болатынын пайдаланып, келушілердің киімдерін, мүліктерін ұрлап келіпті.

"Оны ұзақ уақыт бойына ұстай алмай келдік. Ол мешіттің ішін, бөлмелерін, қай жерде камера орнатылғанын жақсы біледі. Күдікті басына қалпағын басып киіп, түрін жасырып, ұрлығын жалғастырып келген. Қанша бақылағанымызбен түрін анықтау мүмкін болған жоқ. Сондықтан мешіттің ішінде ұстау операциясын өткізуге шешім қабылдадық. Білетініміз, ол әдетте қол сөмкелерін ұрлайды. Сондықтан, біз елеусіз жерге чемодан қалдырып кетіп, соны аңдумен болдық. Ұоымыз көп күттірген жоқ, келіп алған сәтінде біз де тап бердік" дейді Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасы тергеу бөлімінің басшысы Арсен Бегалин.

Полицейлер күдіктінің барлығы 5 қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. "Бізге тек 5 қана адам арыз жазды. Дегенмен, күдіктінің бұдан әлдеқайда көп зат ұрлағанын білеміз. Өйткені, мешітте жоғалғандықтан келушілердің көпшілігі полицияға арызданбайды, "садақа болсын" деп кете береді" деп сөзін түйді Арсен Бегалин.