Жапар Үсенов есімді қырғызстандық кәсіпкер өз Facebook-парақшасында Арыс оқиғасына қатысты жазба қалдырып, өз Отандастарына үндеу жариялады.
«Құрметті қырғызстандықтар! Арыс қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты қазақ бауырларымызды қолдайық! Соңғы тәуліктерде оқиға орнынан он мыңдаған адамды, оның ішінде 2 мыңдай сәбиді эвакуациялаған», - деді Жапар Үсенов.
Ол қандастарынан тұрмыстық заттар мен азық-түліктерді Бішкек қаласының Спорт сарайына әкелуін сұраған.
«Жеке гигиенаға қажетті заттар, балаларға арналған жаялықтар, ойыншықтар, алғашқы медициналық құралдар және тағы басқа заттар шұғыл қажет», - деп жазды ол.
Сондай-ақ, кәсіпкер қырғыздардың көмегін Қазақстан Парламентінің депутаты Нұржан Әлтаев қабылдайтынын айтты.
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде қырғыз кәсіпкеріне сын сағатта жасаған қолдауы үшін алғыстарын білдірді.
«Айналайын қырғыз ағайындар, ниеттерің мен көмектеріңе Алла разы болсын!», «Жақсылық еселеніп қайтсын сіздерге!», «Рақмет, қырғыз біртуғандар!», - деді желі қолданушылары.