27.06.2019, 14:00

«Сіздерге Арыстан үй салып береміз»: әкімдер наразы халыққа жауап берді

Фото: RG media
Облыс әкімі жиналғандармен "Акмешітте" кездесті. Арыс тұрғындары радиация жайлы қауесеттің тарап жатқанын айтып, басқа қалаларға көшіруді сұрады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Шымкентте Арыс тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz

Облыс әкімі жиналғандармен "Акмешітте" кездесті. Арыс тұрғындары радиация жайлы қауесеттің тарап жатқанын айтып, басқа қалаларға көшіруді сұрады. «Арандатушыларды тыңдамаңыздар! Мені тыңдаңыздар. Бізге бірге болуымыз қажет. Арыста ешқандай радиация жоқ. Сіздерге Арыста үй салып береміз. Сосын оны сатасыздар ма, жоқ па - өздеріңіз шешесіздер», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Мұның алдында Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Арыс тұрғындарының талабына жауап берген болатын. 

«Сіздер Шымкенттен үй беруді сұрайсыздар. Шымкентте 130 мың адам үйдің кезегінде тұр, мүгедектер де бар, жағдайы нашар отбасылар бар, көпбалалы аналар бар. Мен оларға не деуім керек? «Мен сіздерге бермейміз, Арыс тұрғындарына беремін» деуім керек пе? Олар да сіздердей адам ғой, олар да сіздер секілді жиналып, талап етуі мүмкін. Кейбірі тіпті 10 жылдай кезекте тұр. Арыс жақсы қала, станция, экономикасы дамиды. Ертең оқ-дәрілерді көшіріп әкетеді. Жаңа үйлер салынады, жаңа жолдар салынады», - деген еді қала әкімі.

Еске сала кетейік, Шымкенте жүздеген наразы халық жолды жапқанын жазған болатынбыз.