27.06.2019, 15:00

Арыс қаласының наразы тұрғындары әкімдікке бет алды

Түскі 14.00 шамасында наразылар полиция шебін бұзып, қала орталығындағы әкімдік жаққа қарай бет алды.

Маусымның 27-і күні таңертең Шымкентте «Ақмешіт» алдындағы көшені жапқан Арыс тұрғындары түстен кейін әкімдікке қарай бет алды. Әскери қоймадағы жарылыстан кейін бірнеше күннен бері мешітті уақытша паналап отырған адамдар жергілікті биліктен өздерін Арыстан басқа жаққа көшіруді талап етті, деп жазады Азаттық. 

Маусымның 27-і күні таңертең стихиялы түрде басталған наразылық шарасы түстен кейін қаланың орталық бөлігіне ауысты. Түскі 14.00 шамасында наразылар полиция шебін бұзып, қала орталығындағы әкімдік жаққа қарай бет алды.

Басым бөлігі Арыс тұрғындарынан құралған наразы топтың басты талабы - әскери қоймадағы жарылыстан кейін ішінара бүлінген Арыс қаласынан өздерін басқа жаққа көшіру. Қалада радиация барын айтқан тұрғындар ол жақта демалу мүмкін емес екенін айтып, экологиясына шағымданады. Жарылыстың бірнеше рет қайталанып отырғанын айтқан арыстықтар «төзіміміз таусылды» дейді.