$ 494.87  520.65  4.91

Арыс қаласының әкімі митинг кезінде қайда болғанын айтты

Жойқын жарылыс орын алғалы бері шаһар басшысы қаланы жарылғыш заттардан тазалау жұмыстарының басы-қасында жүріпті.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек төтенше жағдай орын алғалы бері жергілікті халықпен неліктен кездесе алмай жүргенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жойқын жарылыс орын алғалы бері шаһар басшысы қаланы жарылғыш заттардан тазалау жұмыстарының басы-қасында жүріпті. Тіпті, кеше, 27 маусым күні, Шымкент қаласын уақытша паналаған арыстықтар үшінші мегаполис көшелеріне шығып, наразылық шеруін ұйымдастырған кезде де халыққа басу айтуға уақыты болмапты.

«Мен қалада (автор: Арыс қаласы) болдым. Митинг кезінде бола алмадым. Себебі жарылыс оқиғасынан соң қаланы тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен қатар, су, электр жарығымен қамтамасыз ету тағы бар. Сол жұмыстардың басы-қасында өзім жүрдім», - деген әкім жарылыс орын алған кезде жұмыста отырғанын айтты.

«Оқиға болған кезде Арыста, әкімшілікте отырғанбыз. Жарылыс туралы бізге төтенше жағдай қызметі хабар берді. Бірден қала халқын қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстарына кірістік», - деді ол.

«Ал өз үйіңізге зақым келді ме?» деген сауалға қала әкімі: «Терезелері сынып, шатыры ұшып кеткен. Өзімізге зақым келмеді» деп жауап берді.

Айта кетейік, 28 маусым күні арыстық тұрғындардың алғашқы көші өз үйлеріне оралды. Оларды қалаға кіре-беріс аумақтан күтіп алған Мұрат Қадырбек тұрғындар бірнеше күнге жететін азық-түлікпен қамтылатынын айтты. Себебі жарылыстан соң қалған азық-түлікті тұтынудың қауіптілігі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары