$ 494.87  520.65  4.91

Көпбалалы аналардан оппозицияға дейін: Бауыржан Байбек қандай әкім болды?

Күні кеше Мемлекет басшысы Алматы мен Қызылорда облысы әкімдерін және Президент әкімшілігінің басшысын ауыстырған болатын.

Соңғы бір тәуліктен бері қазақстандық қоғам биліктегі ауыс-түйістерді қызу талқылап жатыр. Күні кеше Мемлекет басшысы Алматы мен Қызылорда облысы әкімдерін және Президент әкімшілігінің басшысын ауыстырған болатын. Біз кімнің қайда тағайындалғанын айтып, оқырманның уақытын ұрлайын деп отырғанымыз жоқ, оны онсыз да елдің бәрі біледі, айтқымыз келгені -  Алматыны 4 жыл басқарған Бауыржан Байбекке қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлер.

Алматыға жаңа әкім тағайындалды деген ресми ақпарат жарияланысымен БАҚ өкілдері жаппай Байбектің атқарған жұмысын жарыса санамалап кетті. 4 жылға өздерінше есеп те беріп жатты. Иә, атқарылған іс расымен де көп, бірақ біздің көзге ол мақалалардан бұрын кеше ғана Бауыржан Қыдырғалиұлын аямай сынап, әрбір ісіне күдікпен қараған алматылық белсенділердің әлеуметтік желілердегі жазбалары оттай басылды.

Алматы - мегаполис, республикалық бюджеттің доноры, бизнестің ошағы, сондай-ақ, қазақ зиялылары мен қоғам белсенділерінің шоғырланған қаласы. Сондықтан, Алматыны басқару, мұндағы халықтың көңілінен шығу, халық пен билік арасындағы көпірді бұзып алмай сақтай білу - екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Бірақ, Бауыржан Байбектің қолынан келді. Бос мақтау, әлде жағымпаздану деп түсінбеңіздер, біз мұны қарапайым тұрғындардың, кеше ғана көшеге әділдікті талап етіп шыққан көпбалалы аналардың және соңғы төрт жыл бойы Алматы әкімін тоқтаусыз сынап келген оппозиция өкілдерінің (қоғам белсенділері) ой-пікірлерін оқығаннан кейін айтып отырмыз.

Бауыржан Қыдырғалиұлын журналист Сергей Дуванов секілді көп сынаған адам жоқ шығар. Ол кейде әділін айтатын, кейде батырып айтатын, кейде асыра айтатын. Бірақ, сол Дувановтың Facebook желісінде кеше жазған бір ауыз сөзінен кейін Алматының экс-әкіміне деген көптің көзқарасы айтарлықтай өзгергеніне сенімдіміз.

«Осы жылдар ішінде әділетсіз сынаған болсам мені кешір, Байбек. Егер шынын айтсам, біздің қалаға басқа әкімдерден қарағанда сенің еңбегің көп сіңді, көп жұмыс атқардың. Сенің потенциалыңды демократиялық Қазақстан үшін пайдаланса ғой», - деп жазды Сергей Дуванов әлеуметтік желідегі өз парақшасында.

Қоғам белсендісі Виктор Марсаков та Бауыржан Байбекті көп сынағандардың бірімін дейді. Бірақ, ауыс-түйіс туралы жаңалықты естігенде қимастықтан күңіренгенін айтады. 

«Мойындаймын, сынадым, кейде айыптадым. Қазір жаңалықты естігенде көңілде мұң пайда болды, демек мен оны жақсы көрген екенмін»,  - деп жазды В.Марсаков өзінің Facebook-парақшасында. 

Forbes журналының Қазақстандағы өкілі, журналист Ардак Букеева болса Бауыржан Байбекті «кедейлердің әкімі еді» деп әзілдеп еске алды. Яғни, әкім болған төрт жылда халықтың қарапайым бөлігіне көбірек жағдай жасады дейді. 

«Байбек тұрмысы төмендер үшін жайлы әкім болды. Қоғамдық көлікте жүретіндерге арнап арнайы автобус жолақтарын жасады, қаланың ескі бөлігінде орналасқан тұрғын үйлердің аулаларындағы ойын алаңдарын жаппай жөндеді, Атакентті базардан демалыс орнына айналдырды, қымбат ғимараттарды қоршап тұрған қоршаулардың бәрін алдырып, тұрғындарға ыңғайлы орта жасады және ең бастысы Көкжайлаудың құрылысын тежеді, уақытша тоқтатты», - дейді танымал журналист. 

Бір қызығы, кеше ғана Қазақстанда әділдік жоқ деп, өздеріне көмек беруді талап етіп, Алматы әкімдігінің алдына жиі жиналған көпбалалы аналар да Бауыржан Байбектің арқасында көп шаруамыз бітті деп өз ойларын айтып отыр. Солардың бірі - Аида Букаева. Көпбалалы белсенді ана әкімге алғашқыда сенімсіздік танытқанын айтады. 

«Астанадағы өрттен кейін алаңға алғашқылардың бірі болып шыққан менмін. Мен біздің жүйеде өзгеріс болады дегенге сенген жоқпын. Әкімге де сенімсіздік таныттым, ол маған жас, тәжірибесіз болып көрінді. Бұрын қала түгілі аудан әкіміне әзер кіретінмін, кейін Медеу ауданындағы белсенді анадардың бірі ретінде мені әкімдіктің жұмыс тобына қосты. Сол кезде Бауыржан Байбекпен алғаш кездесіп-ақ оның өте зиялы, іскер және ең бастысы патриот екеніне көзім жетті. Ол әр проблеманы ішінен біледі, өзі де көпбалалы әке, ал, проблеманы шешудегі тапқырлығы бөлек әңгіме. Не керек соңғы 5-6 ай ішінде біз әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрдік, соның арқасында талай істі тындырдық», - дейді Аида Букаева. 

Міне, сіздерге билікті күніге мақтайтын емес, керісінше, үнемі сын садағына алып, жиі айыптайтын белсенді азаматтардың пікірін ұсынып отырмыз. Көзімізге оттай басылды дегендегі айтқымыз келгені осы болатын. 

Біреуді сынау оңай, әрине. Бірақ, сол сынаған адамыңның іскерлік қасиеттерін мойындау, яғни әділ болу - адамгершілік. Біз алматылық белсенділердің бұл жазбаларынан шынымен де адамгершілікті, әділдікті көрдік. Ал, олар бір ауыз сөзімен ғана нағыз әкімнің қандай болу керектігін көрсетіп бергендей...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары