01.07.2019, 11:30

Оқырман Ғабидолла Әбдірахымовқа: «Сізде сексисттік көзқарас бар»

Фото: shymkent.gov.kz
«Біздегі ер кісілердің жауапкершілігі мен ұяты жоқтығы әйелдердің проблемасына айналды», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың Instagram-дағы оқырманы әкімге өз пікірін қалдырған. 

«Шымкенттіктердің жолы болды. Сіз керемет жансыз. Бірақ сізде сексисттік көзқарас бар, сол ұнамайды», - деп жазған әкімге желі қолданушы. Бұл пікірге қала әкімі өз жауабын білдірді. 

«Сіз қателесесіз. Менде сексисттік көзқарас жоқ. Мен тек еркектерден өз отбасыларына жауапты болуын сұраймын. Тіпті, ажырасқан жағдайда да ер адам балаларының анасына көмектесуі тиіс. Біздегі ер кісілердің жауапкершілігі мен ұяты жоқтығы әйелдердің проблемасына айналды», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Сондай-ақ, ол еліміздегі ер азаматтарды ұқыпты болуға шақырды. 

«Ер адам өз баласына өнеге көрсетуі керек. Ал қазіргі жағдай қалай? Барлығы әйелдің мойнында. Оларға онсызда ауыр. Баланы туып, тәрбие беру – үлкен еңбек. Нәзік жандылар ер адамның шаруасын жасамауы қажет. Мемлекетіміздің мықты болуы әйелінің көңілі мен қамқорлығына бөленген мықты жігітке байланысты. Тек қана осылай», - деп жазды Ғабидолла Әбдірахымов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімінің Арыс тұрғындарының шеруінде «Әйелдеріңе ие болыңдар» деген сөзі желіде қызу талқыланған болатын.