$ 498.34  519.72  4.85

Теңіз жұмысшыларының төбелесінен кейін зауыт құрылысының жұмысы уақытша тоқтады

«Құрылыс жұмысы жақын уақытта қайта жалғасады» деп мәлімдеді компания.
Фото: 24.kz
Фото: 24.kz

Жұмысшылар арасындағы төбелестен кейін Теңіз кенішін кеңейту үшін салынып жатқан зауыт құрылысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Ақпаратты "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясы да растады, деп жазады Азаттық.

"Құрылыс жұмысы жақын уақытта қайта жалғасады" деп мәлімдеді компания. "Теңізшевройл" басқа объектілердің қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Компания зауыт құрылысының тоқтағаны жайлы 29 маусымда болған жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы жанжалдан кейін мәлімдеді. 29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде "Теңізшевролдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді. Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан.

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған жергілікті жұмысшы қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар "сурет - қыздың ар-намысын таптау" деп есептеген.

Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңізшевройл" компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста "жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс" деген. Әкімнің сөзін де Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

29 маусымда түстен кейін наразылыққа шыққан жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Жиында "жанжалды ушықтырмауды сұрап, кеніштегі жұмыс мәселелерін" талқыланған.

Әкімдік өкілі оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссияға "Теңізшевройл" мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіргені айтылды.

ТШО дерегінше, оқиға кезінде шамамен 40 адам "аздап жарақаттанған".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Атырау