$ 487.37  532.94  5.09

Халық құрылыс жұмысына риза болмай шу шығаруы мүмкін – Айгүл Орынбек Шөкеевке үндеу жасады

Сондай-ақ, ол үй құрылысына байланысты Арыс қаласының тұрғындарынан шағым түсіп жатқанын айтты.

Блогер Айгүл Орынбек Арыс қаласында қайта жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан комиссияның жұмысына шағымданды. 

«Құрметті Түркістан облысының әкімі Шөкеев мырза! Арыс қаласының кейбір азаматтарының үйі екіге айрылып, төбесі түсіп қалған. Сол үйлерді бүгін келіп жатқан комиссия: «Қосып, жамап береміз. Үй тұруға жарамды», - деп жатыр екен», - деп жазды ол Facebook-парақшасында. 

Адам өмірінің қауіпсіздігін алға тартқан блогер әкімнен жарамсыз үйлерді бұзуын сұрады.

«Адам өмірінің қауіпсіздігі үшін жамау-қосу деген дүние болмасын! Егер үй жарамай ма? Сөзсіз бұзылуы керек! Шиша сынса оның жамалмайтынын бәріміз білеміз! Үй екіге жарылып жатса, жасаймыз деген не сұмдық?», - деді Айгүл Орынбек.

Сондай-ақ, ол үй құрылысына байланысты Арыс қаласының тұрғындарынан шағым түсіп жатқанын айтты.

«Құрылыс компаниялары өз пайдасы үшін ақша жеудің барлық жолын жасайды. Ертең халық құрылыс жұмысына риза болмай тағы шу шығаруы әбден мүмкін. Сол себепті әкім мырза, кейбір үйлердің бағасын шығарып, өздерінің есеп шоттарына аударғаныңыз дұрыс! Әр адам өз үйін өзі көтеріп алсын! Себебі бүгіннен бастап маған халықтан шағым түсе бастады», - деп жазды Айгүл Орынбек.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы тарапынан Арыстағы 157 жекеменшік үй қалпына келтіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары