$ 494.87  520.65  4.91

Мүмкіндігі шектеулі болса да, баланың бәрі мейірден тыс қалмайды

Балалы болуды асыға күткенімен, ешкім де денсаулығында ауытқуы бар баланы күтпесі анық.
Фото: Не инвалид.RU
Фото: Не инвалид.RU

Балалы болуды асыға күткенімен, ешкім де денсаулығында ауытқуы бар баланы күтпесі анық. Әйтсе, ондай қасіреттен ешкім алдын-ала сақтандырылмаған да. Ол да бір Жаратқанның сынағы шығар, сап-сау ата-анадан туабітті кемістігі бар балалар дүниеге келуі қай заманда да болған және оны болдырмау мүмкін емес. Ресми деректер бойынша Қазақстанда бүгінгі таңда 368,2 мың барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның 49, 8 мыңын туабітті мүгедек балалар құрайды екен.

41587 теңге жәрдемақы...

Күні кеше елімізде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жария еткендей, осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек бала асырап отырған отбасылардың алатын жәрдемақысы едәуір өсті. Яғни, бұрын мұндай отбасыларға бұған дейін күн көріс көлемінің 1, 05 мөлшерінде 31183 теңге жәрдемақы төленіп келген болатын. Енді осы 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап оған 10395 теңге қосылып, 41587 теңгеге жетті. Осы ретте түсіндіре кеткеніміз артықтық етпейді, бұл жәрдемақы баланың өзіне берілетін жәрдемақыдан бөлек, олардың ата-анасы не күтім жасаушы тұлғаға бөлек беріледі.

Елімізде бүгінгі таңда аталған екі жәрдемақы түрін, яғни, мүгедек бала тәрбиелейтін отбасылар мен оған күтім жасайтындар саны 100 мыңнан асып жығылады. Нақтылай түссек, 82 мың мүгедек бала тәрбиелеуші, 13 мыңнан астам бала кезінен І топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Еңбек комитетінің аймақтық департаменттері автоматты түрде жүзеге асыратындықтан, қосымша құжат тапсырудың да қажеті жоқ.

Инклюзивті білім беру

Жалпы, бұл біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар жайында қарастырылған әлеуметтік көмектің басы да, соңы да емес. ҚР Конституциясына сәйкес, елімізде бұл тұрғыда бірнеше заңдар мен ережелер бар. Атап айтсақ, «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы, 2002 жылдың 11 шілдесіндегі ҚР «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және әдістемелік-педагогикалық коррекциялы қолдау туралы» заңы, Үйде әлеуметтік қамтудың типтік ережесі т.б. Осы заңдар мен ережелерге сәйкес, елімізде туғаннан мүгедек немесе әр түрлі себептерге байланысты мүмкіндігі шектелген балаларды оларға медициналық және әлеуметтік, білім беру, кәсіби біліктілігін арттыру шаралары жүзеге асырылады.

Әсіресе, соңғы жылдары енгізілген инклюзивті оқыту жүйесін ерекше атап көрсетуге болады. Яғни, мүгедек пен дамуында ауытқуы бар балаларды қоғамнан оқшауламай, керісінше дені сау құрдастарымен қатар, бір мектепте оқыту. Себебі қаншама жыл бойы мүмкіндігі шектеулі балаларды бөлек оқытып, үй жағдайдында тәрбиелеу олардың қоғамға араласа алмай қалуына әкеліп тіреді. Мектепті бітірген соң ондай балалар жұмысқа орналаса алмай қалды, тіпті орналасқанның өзінде өзі секілді дені сау қатарларымен, жалпы қоғаммен араласып кете алмады. Осының қате жүйе екендігін ескеріп бүгінде мамандар инклюзивті білім беруді қолға алды. Мұның да екі түрі бар, яғни, бірі – толықтай дені сау балалар сыныбында оқиды және дефектолог мұғалімнің жүйелі көмегін алады. Ал екінші түрі, яғни, жартылай инклюзивті оқыту жүйесінде балалар жарты күн арнайы топтарда, жарты күн қарапайым топта өткізеді. Бұл балалар арасындағы жіктелуді жоюға бағытталған және мүмкіндігі шектеулі балаларға аяушылық немесе кемсітушілік секілді көзқараспен қарауды болдырмайды. Бұл бағдарламаны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында мақұлдап, ұйымның Конвенциясына енгізгенін айта кетуіміз керек.

«Тас түскен жеріне ауыр...»

Негізінен олардың дәрі-дәрмегі мемлекет тарапынан тегін беріледі, оларға жылына бір немесе бірнеше мәрте оңалту орталықтарында тегін ем қабылдауға мүмкіндік те қарастырылған. Бұл бізде ҚР мүгедектерін реабилитациялаудың 2002-2005 жылдарға арналған Бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Бағдарлама мақсаты – мүгедектерді оңалту, олардың қоғаммен жан-жақты араласуына мүмкіндік туғызу, сондай-ақ денсаулығын жақсарту.

Сондай-ақ туабітті әрі өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүгедек балаларға протезді-ортопедтік және техникалық көмекші және арнайы қозғалту құралдармен қамтамасыз ету, балаларды анасымен бірге санаторлы-курорттық ем алуға жіберу секілді ізгілікті іс-шаралар қай кезде де еліміздің күн тәртібінен түскен емес.

Алайда мейлі мемлекет, мейлі қайырымды жандар көмектесіп, демеу бергенімен, біз қай кезде де мүмкіндігі шектеулі баланың бар ауыртпашылығы оның ата-анасына түсетінін білеміз. Туабітті мүгедек баласына қарайтын ата-аналардың бірі, кейде тіпті екеуі де тіпті жұмыс істей алмауы да мүмкін. Себебі түсінікті, ол балалардың арасында өз қатары секілді ойнамақ түгілі орнынан тұрып жүре алмайтын, тіпті өз тамағын өзі ішіп-жей алмайтындары да бар. Сондықтан оларға күтім жасау үшін үйден аттап шыға алмайтын ата-аналар қаншама.

Сондықтан осы жағын ескерген мемлекет мүгедек жандардың ата аналарына да көп жеңілдіктер қарастырылған. Жоғарыда аталғандай, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына немесе күтім жасаушы, қамқоршыларына бөлек жәрдемақы қарастырылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі ел ішінде кез келген қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие, ал олардың ата-аналары автокөлік тіреуде баж салығынан босатылған. Сондай-ақ мүгедек бала өсіретін ата-ана қызмет орнында қысқарту болған жағдайда жұмыстан шығарылмайды. Бәлкім, өмір бойы бұл ауру бала асырап отырған ата-аналардың таудай еңбегінің болмашы бір ғана кәдесіне жарар. Яғни, олардың басындағы ауыртпалықты біржола сылып тастай алмас. Дегенмен, ата-ананың баласына деген махаббаты, баласына деген мейірім шапағаты барда, оның қолынан келмейтін ештеңе жоқ.

Иә, Құдай басқа бермесін, туабітті кемістігі бар балаға күтім жасау оңай шаруа емес. Баласының ауру екенін алғаш естігенде кез келген ата-ана үшін ол төбеден жай түскені былай тұрсын, аспан айналып жерге құлағандай болары сөзсіз. Тіпті, сондай жағдайда өз баласынан өзі бас тартып, кетіп қалған ата-аналар қаншама. Біз әрине, ешкімді де жазғырмаймыз. Себебі адамның бәрінде де әлсіздік бар, мәселе сол сезімнің бойды билеп алуына жол беру немесе оны жеңіп шығу. Осы тұста сүт құйылған құмыраға түсіп кеткен құрбақа жайлы мысалды келтіруге болады. Шығып кетем деп жанталасқан жәндік аяғымен шайқай-шайқай, айранды майға айналдырып, содан соны оны тірек қылып, сыртқа шығып кетуші еді ғой. Міне, науқас баланың ата-анасы да егер күйреуге жол бермей, болғанға болаттай берік болса, онда мұндай жағдайда өзі де өмір бойына жетерлік күшке ие болады және мемлекет те мұндай ата-аналарды ешқашан жалғыз қалдырмайды. Себебі дені сау ұрпақ қана емес, мемлекет өзінің мүмкіндігі шектеулі ұрпағына да қамқорлық танытады.

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары