Елордада өтіп жатқан Еуразия астаналары жазушыларының халықаралық форумында қазақтың 100 ақынын өз тіліне аударған испан ақынымен келісімшарт жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, мадридтік ақын Абайдың 100 өлеңін испан тіліне аударуға келісім берген.
«Бұл форумға Еуразия кеңістігіндегі астаналарда тұратын, әлемге есімі белгілі әдебиет тұлғаларды шақырдық. Соның ішінде бүкіл Латын Америкасына танымал, испан тілді мемлекеттердің барлығы білетін, шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылған мадридтік ақын Хунте Хорхе Падронды ерекше атауға болады. Ол осыдан екі жыл бұрын қазақтың үш ғасырлық әдебиетін испан тіліне аударып, кітап етіп шығарған болатын. Келесі жылы ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлағалы отырмыз. Форум аясында осы мадридтік ақынмен Абайдың 100 өлеңін аудару туралы келісімшартқа қол қоямыз», - деді Жазушылар одағының өкілі.
Форум аясында қазақ ақындарын бауырлас елдердің тіліне аудару бойынша да бірнеше келісімдер жасалмақ.
«Бұдан бөлек, анкаралық әдебиетші ғалымды шақырдық. Ол кісі қазіргі қазақ әдебиетінен 7 кітап аударған. Мен бір-екі мысалын ғана айтып тұрмын. Әйтпесе бүгінгі форум қонақтарының барлығымен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Форумға Біріккен Араб Әмірліктері Жазушылар одағының, Ауғанстан Ислам Республикасының жазушылар одағының басшылары қатысып отыр», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.