$ 494.87  520.65  4.91

«Ояну деген – ел ішіне іріткі салу емес»: Алматыда «Nur Otan» партиясы митинг өткізді

Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының аумағында өткен бұл шараға екі мыңнан астам жиналып, қоғам белсенділері өз ойларын бүкпесіз ортаға салды.
Фото: Tengrinews
Фото: Tengrinews

«Nur Otan» партиясы Алматыда ел ішіне іріткі салып, мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын бұзғысы келетіндерге қарсы «Biz birgemiz!» атты митинг өткізді, деп жазады kaz.nur.kz.

Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының аумағында өткен бұл шараға екі мыңнан астам жиналып, қоғам белсенділері өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. 

Жиналған қауым ішінен қала жұртшылығының түрлі әлеуметтік топтарын байқауға болады. Олардың қатарында партия өкілдері де, қарапайым еңбек адамдары да, зиялы қауым да, кәсіпкерлер де, көпбалалы аналар мен жастар да, ғылым мен мәдениет саласының қызметкерлері де бой көрсетті. Бейбіт бас қосуда сөз алғандардың ортаға салған пікірлерінің негізгі өзегі – ел бірлігі мен тұтастығын сақтау, арандатушылыққа жол бермеу және елімізді әрі қарай дамыту болды. Бұл ретте мінберде сөз сөйлегендердің бәрі де «Nur Otan» партиясының ел халқын ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, әрбір азаматтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оны оң шешудегі рөлі мен маңызын тілдеріне тиек етті.

Жиынды «Ана тілі» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Әшімжан Жанарбек ашып, жүргізіп отырды. Бұл бас қосудың ерекшелігі жұрт алдына шығып, өз ойымды айтамын деп тілек білдірген жандардың барлығына сөз берілді. Елдің сөзін ұстап, жұрт қамын жеп жүрген белсенді де беделді оннан астам адам сөз сөйлеп, көптің көкейінде жүрген ойларды ортаға салды.

Олардың ішінде елге белгілі зиялы азаматтар да, даңқты спортшы да, жас буын өкілі де, көпбалалы аналар да, кәсіпкер де, депутат та, аузы дуалы ақсақалдар да бар. Партияның бастамасымен ұйымдастырылып отырған бұл жиынға алуан түрлі, еркін пікірлі азаматтардың келіп, ортақ елдік ойды көтеруінің өзі «Nur Otan»-ның тыным таппай күнделікті жұмыс істеп, барша халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны оң шешуге ықпал етіп келе жатқан шын мәніндегі бұқаралық ұйым екендігін айқындап тұр. Бұл жұрт алдында сөз саптаушылардың лебізінен де, жиналған қауымның көңіл-күйінен де анық аңғарылды.

Халықтық шарада сөз алған Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Әскери ғылымдары академиясының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Ким Серікбаев, «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров және тағы басқалар көпшілікті, оның ішінде жастарды кейбір желсөздерге арандап қалмай, ел Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтап, оның қадір-қасиетін бағалай білуге шақырды. Бейбіт жерде ғана берекелі тірлік болатынын, сырттан келіп ешкімнің де жұмақ орнатып бермейтінін нақты өмірлік мысалдармен дәлелдеп тұрып айтты. 

Жиында көпті толғандырып жүрген мәселелер де, көрініс берген үрдістер де, ұтымды ұсыныстар да, талап-тілектер де толық қамтылды. Тақырыптары мен салалары әртүрлі болғанымен, бәрінің ойы бір арнада – елдік жолды сақтау әрі жалғастыру деген тілекте тоғысып жатты.

Белгілі спортшы Ислам Байрамуков өз сөзін жастарға бағыштап, «Ояну деген –ел ішіне іріткі салу емес. Жастық жігерді дұрыс іске, дамуға, ел игілігіне арнайық» - десе, «Волонтерлар лигасының» жетекшісі Айсұлу Ерниязова, қала жастары атынан мінберде сөйлеген «Qadam PRO» ЖШС-нің директоры Елнұр Бейсенбаев Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың "Мен жастарға сенемін" өлеңін тілге тиек етіп, елдің ілгерішіл жастарының ақ пен қараны айыратын зерделі де зерек екендігін, Алаш мұратына, ата-баба аманатына берік болу қажеттігін және жастарды соған үндейтінін жеріне жеткізіп айта білді.

«АЗМК» ЖШС басшысы Ахметжан Шардиновтың, «Көктем Групп ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Басқарма Төрағасы Әділханов Мұрат Әділханұлының сөздерінде масылдық, жалқаулық секілді кейбір жағымсыз әдеттерден арылып, еңбектену мәселесіне, адал еңбек қана абыройға жеткізіп, табысқа кенелтетеніне баса назар аударылды.

Көпбалалы аналар атынан сөз алған алматылық көпбалалы ана, «Қазақстан балалары» қайырымдылық қорының басшысы Гаухар Танашеваныңкейбір арандатушылардың аналар мен балаларды құрал ретінде пайдаланғысы келетінін айыптаған, жетім балалардың балалар үйінде емес, отбасында тәрбиеленгені жөн деген пікірлері жиналғандардың қызу қолдауына ие болды.

Рұқсат етілген бейбіт шеруге жиналғандар жұртшылықты Елбасының береке мен ынтымаққабастайтын елдік жолын ұстанып, Мемлекет басшысының маңайына топтасып, мемлекет тұрақтылығын шайқалтпауға, ел бірлігіне сызат түсірмеуге атсалысуға шақырды.

«Nur Otan» партиясы өткізген осынау жиын елдің саяси мәдениетінің биіктігін көрсетумен бірге, көп тілегі – елдік екендігін тағы да дәлелдеді.

  


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары