Сәлеметсіздер ме, әпкелер мен сіңлілер және оқырмандар! Мен сіздерден ақыл-кеңес сұрайын деп едім. Өтінемін, сөкпей ақылдарыңызды айтыңыздаршы.
Мен 2014 жылы тұрмысқа шыққанмын, бақытты едім. Бірақ Аллам ол бақытым ұзаққа созылмады. Тұрмысқа шыққан соң 4 айдан кейін арқа сүйер азаматым жол апатынан өмірден озды. Күйеуім қайтыс болған кезде мен баламызға жүкті едім. Балам 3 айлық кезінде әкесіз қалды.
Қатты қиналдым, жыладым, 6 жыл қыз-жігіт болып жүрген кездерімді еш ұмытпадым. Өте ауыр болды оның қазасын көтеру. Мамам (енем) екеуміз де қайғыдан қан жұтып есімізді әзер жинадық. Балам үшін ерік жігерімді жинадым. Солай толғағымд а келіп аман-есен босандым.
Ұлым әкесінен аумайды, қайғымыз сәл де болсын жеңілдегендей болды. Маматайым екеуміз қатты қуандық. Босанғасында қайын жұртыма бардым. Енемді жалғыз қалдырғым келмеді. Аллаға шүкір, мамамның да жүзіне күлкі үйірілді.
Сүйген жарым мәңгілік сағынышым болып жүрегімнің түбінде қалады. Қатты сағынамын, оның орнын ешкім баса алмайды. Жаны жаннатта болғай, асыл жарымның!
Бүгінде баламыз өсіп келеді. Қылықтары тәтті құлынымның. Өзім мемлекеттік жұмыстамын. Ендігі мәселем өзімнің мамам да, енем де қайын апкелерім де, ағаларым да менің басқа адамға тұрмысқа шыққанымды қалайды. Менің бақытты болғанымды көргілері келеді.
Не істесем екен? Қалай ойлайсыздар? Әлі күнге дейін қайын жұрттамын. Мамам (енем) «жассың, қыдыр, жұмыс, үй демей, төркініңе бара ғой» дейді. Ал мен мамамды қалдырғым келмейді. Қайын әпкем қолқалап бір жігітпен таныстырды, ол үйленбеген. Маған «сені сүйемін, мүмкіндік берші» деп мазалап жүр.
Ұзақ болса кешірім сұраймын. Ақылдарыңызды айтсаңыздар екен, әпкелер. Жасым 24-те. Алла Тағалам барлықтарыңыздың отбасыларыңызды бақыттан айырмасын. Балапандарыңыздың дені сау болсын. Рахмет алдын ала!
Дереккөз: Аlashainasy.kz