03.12.2015, 03:22

Прокурорлар Серік Ахметовті 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Сәрсенбі күнгі жарыс сөз кезінде прокуратура жемқорлық ісі бойынша жауапқа тартылған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовті 12 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салуын сұрады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Айыптаушы тарап Ахметов 600 миллион теңге пара алды деген күдік дәлелденбегенін мәлімдеді. Прокурорлар бұған қатысты бапты айыптаудан алып тастауды сұрады. «Қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» деген бап та өзгеріп, экс-премьерге енді «заңды кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі келтірді» деген жеңілдеу айып тағылды.

Прокурорлар Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті – 7 жылға, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушылар соттан Қарағанды әкімдігі мен өзге де мекемелердің шығын мен залалды өтеу туралы талаптарын қанағаттандыруды өтінді. Әсіресе, Ахметов пен Әбдішевтен миллиондаған теңге шығынды өтеу сұралды.

Әлжан Ақмолдаев, Думан Нұрбаев пен Ғұмар Рахимжановты прокурорлар қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінді. Тағы бірнеше айыпталушыға қатысты шартты жаза кесу туралы өтініш түсті.