Блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек соңғы кездері сақалдылардың митингілерде жиі көріне бастағанын айтып, оларға қатысты шара жүргізу керек екенін жеткізді. Бұл туралы ол SN.kz ақпарат порталының тілшісіне берген сұхбатында сөз қозғады.
Арыс қаласында өніп-өскен Айгүл Орынбек өз ауылының жігіттерін наразылықта өте аз кезіктіргенін айтады.
«Олар арыстық емес. Ойлары Арысқа көмек береміз деп келіп, өздерінің құйтырқы әрекеттерін жасау болған. Оларды басқа жақтан қаражаттандырып жатыр деп ойлаймын. Көбісі шегіп алған. Олар басында үйретілген тапсырмамен келген.
Бұндай адамдарды патриот деп айта алмаймын. Бұлар халық арасына іріткі салып отырған адамдар. Бұндай адамдардан біз қорқуымыз керек. Өздерінің милары уланғаны аздай, халықтың ішінде дау туғызып, өздерінің жеке басына пайдаланып, ұйымдастырды да өздері бақылап тұрды. Бұлардың мақсаты адамдарды қылмысқа итеру», – дейді ол.
Блогер сақалдылардың мемлекетке үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, оларды тексеру керегін жеткізді.
«Қазіргі таңда мемлекет осылармен күресуі керек. Ең бірінші қауіп төндіретін дүние. Бұлардың тілі өте майда. Өздерінің тіл байлығымен онсыз да жүйкесі тозып жүрген халықтың миын улау арқылы үкіметке қарсы қойып отыр. Билік осындай шолақ белсенділермен күресуі керек.
Біз өз ойымызды ашық айтсақ, олар ашық айтпайды. Халыққа үгіт-насихат жүргізіп, соларға айтқызады. Билікте отырған келте балақты кәрі қақпастың әйелдермен ғана алысуға күші жетеді», – деді заңгер SN.kz тілшісіне берген сұxбатында.