10.07.2019, 12:30

Еңбек демалысын қалай есептейді?

Осы ретте заңгер 150 000 теңге жалақы алатын қазақстандықты мысалға алып, демалыс ақысын есептеп берді.

Жаз шыққанда еңбек демалысына шығу әдеткі іс. Алайда жұмыс беруші жұмысшыны демалысқа шығармай қоятын да жағдайлар бар. Tengrinews.kz ақпарат агенттігі жұмыс берушінің қандай жағдайда еңбек демалысына шығармауы мүмкін екенін анықтап көрді. 

Заң ғылымдарының кандидаты Думан Көпбаев күнтізбелік бір жыл жұмыс істеген болса, жұмыс беруші заң бойынша міндетті түрде еңбек демалысын беруі тиіс екенін айтты. 

«Бермесе - заңсыз. Ал жұмыс беруші еңбек демалысына толық шығармайтын бір жағдай - егер жұмысшы өндіріске керек болса, онда оның өзінде жартысын, яғни 14 тәуліктен кем емес мерзімге жіберуі тиіс. Қалған күндерін жұмысшы жылдың басқа кездерінде ала алады», - дейді заңгер. 

Маман еңбек демалысына шығу кезінде жұмыс беруші мен жұмысшының міндеттері мен құқықтарына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 93-бабында қызметкерлерге ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын беру басымдығы қызметкерлердің көзқарасын ескере отырып, жұмыс берушімен бекітілген демалыс кестесінде немесе тараптардың келісімімен анықталады. Бұл ретте, демалыс талаптарына байланысты демалыс кестесінде өзгерген жағдайда жұмыс беруші қызметкерге жұмыс демалысы басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын хабарлауға міндетті. Бұл жағдайда қызметкердің мұндай аударуға келісімі талап етілмейді», - дейді Көпбаев. 

Оның айтуынша, екі апта бұрын жұмыс берушы ескертпесе, жұмысшы сотқа шағымдануына құқылы екен. 

Еңбек кодексінің 101-бабына сәйкес негізгі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы - кем дегенде жиырма төрт күн болып саналады.

«Еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыскердің өтініші негізінде оған жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.

Жұмыс беруші: 

1) неке тіркелгенде; 

2) бала туғанда; 

3) жақын туыстары қайтыс болғанда; 

4) еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда жұмыскердің хабарламасы негізінде күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті», - деп түсіндірді маман. Сондай-ақ, заңгер жұмыс берушінің өндірістік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана үзуі мүмкін екенін айтты. 

«Кері шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі не келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады», - деп түсіндірді Думан Көпбаев.

Мұнымен қатар, оның айтуынша, жұмыскерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлігін басқа уақытта берудің орнына, жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізілуі мүмкін екен. 

Маман еңбек демалысынан қандай жұмысшыны кері шақыртып алуға жол берілмейтінін де айтты. Оның сөзінше, 18 жасқа толмаған жұмыскерді, жүкті әйелдерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуға жол берілмейді екен. 

Осы ретте заңгер 150 000 теңге жалақы алатын қазақстандықты мысалға алып, демалыс ақысын есептеп берді. 

«Қызметкер жұмысқа 2018 жылдың 24 сәуірінде жұмысқа қабылданды делік, жалақысы - 150 000 теңге. Жұмыс кестесі - бес күндік, жалпы алғанда - 40 сағат. 24 күнге созылған жыл сайынғы демалыс ақысы оған 2019 жылдың 25 сәуірінен бастап қана беріледі. Себебі қызметкер бір жылдық қызметін өтеп болды. Енді бір күндік орташа ақысын есептеуіміз керек: 

150 000*12 = 1 800 000 (2018 жылдың сәуірінен 2019 жылдың сәуір аралығында аударылған жалақы) 

Осы мерзімдегі жиынтық сома: 1 800 000 теңге 

Осы уақыт аралығында өтелген жұмыс күндерінің саны: 244 күн 

Бір күндік орташа ақы: 7377, 05 теңге 

Еңбек демалысы кезіндегі нақты жұмыс күндерінің саны: 14 

Сонда демалыс ақысы: 7377, 05 теңге * 14 күн = 103 278,7 теңге 

Ол сомадан шегеріледі: міндеттелген зейнетақы жарнасы: 10 327,87 теңге 

Ол сомадан шегеріледі: жеке табыс салығы: 6 466,68 теңге 

Осылайша қызметкер бас-аяғы 86 484,15 теңге алады. 

Заңгер демалыс ақысы еңбек демалысына шығу алдында үш күнде берілуі тиіс екенін еске салады.