«Казахи» көңілді тапқырлар клубы командасының мүшесі Нұрдәулет Шертім Нұр-Сұлтан қаласының панкратион федерациясы жаппай спортты дамыту және қоғаммен байланыс директоры қызметіне тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Нұрдәулет Шертім жаңа қызметке тағайындалуына қуанышты екенін және осы спорт түрін дамытуға барын салатынын жасырмады.
«Менің жұмысым осы спорт түрін дамыту және қазақстандықтар үшін осы жекпе-жектің маңызды оқиғалары туралы ақпарат беру. Бұл қауіпсіз спорт түрі. Жастардың жаман іспен айналыспағаны дұрыс, спортпен шұғылдану қажет», - деді ол.
«Казахи» көңілді тапқырлар клубы командасының мүшесі өзі де спортпен шұғылданатынын айтты. Ол бокс, самбо, күрес және панкратионмен айналысады екен.
Оның осы қызметке тағайындалуымен Тobet top team жекпе-жек академиясының өкілдері әлеуметтік желіде құттықтады.
«@nurdaulet_shertim Нұр-Сұлтан қаласының панкратион федерациясы жаппай спортты дамыту және қоғаммен байланыс директоры қызметіне тағайындалуымен құттықтаймыз», - делінген жазбада.
Қарашаның 1-5 аралығында Италияда панкратионнан чемпионат өтеді. Оған 25 қазақстандық балуан қатысады.