ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев Гвардия гарнизонына барған жұмыс сапарында оқ-дәрі қоймаларын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеріс кезінде Нұрлан Ермекбаев өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жіті мән берді.
Лауазымды тұлғалар қорғаныс министріне зымырандар мен оқ-дәрілерді сақтау тәртібі, қару-жарақтың, әскери және арнаулы техникалардың жай-күйі, сондай-ақ материалдық-техникалық құралдар туралы баяндады.
Ведомство басшысы қойманы тексеру барысында оқ-дәрілер мен әскери техникаларды сақтау қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді әрі әскери қызметшілердің өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындаудың міндетті екенін ескертті.