Астаналық полицейлер көшеде пышағын жалаңдатып жұртқа сес көрсеткен жігітті қарусыздандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келеңсіз жағдай 11 шілде күні Қажымұқан көшесінде шамамен сағат 19:00-де болған. Қалалық полиция полкінің қызметкерлері - полиция аға лейтенанты Абзал Жолмаханов пен полиция лейтенанты Асан Команов патрульдеу кезінде адамдарға айқайлап, қолында пышаққа ұқсас нәрсені әрі-бері жалаңдата сілтеп жүрген ер адамды байқап қалған.
Полицейлер уақыт оздырмай оны ұстауға әрекеттенген. Олардың заңды талабына қарамастан әлгі жігіт қатты қарсылық көрсеткен. Полиция аға лейтенанты Абзал Жолмахов әбжіл қимылдап оның пышағын тартып алды. Ұсталған азамат жауапқа тарту үшін Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Анықталғандай, 35 жастағы Павлодар облысы тұрғынын Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл-іздестіру үстінде екен.