Бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа қызметіндегі жалақысына байланысты ақпарат берді.
«Достарым, жалақымның қанша болатыны әлі өзіме де белгісіз болып тұрғанда ол туралы жалған ақпарат тарап кетті. 3 000 000 теңге көлеміндегі еңбекақы - жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін, fake news қолдан жасалғанына күмәнім жоқ. Тым әсіре сілтепті, басқа не айтуға болады», - деп жазды Мұхамедиұлы Instagram-парақшасында.
Сондай-ақ, ол министр қызметін атқарған уақытта алған жұмыс айлығымен де бөлісті.
«Егер осындай ақпарат шындыққа жанасса, әрине қуанар едім, өкінішке қарай, бұл әзірге мүмкін емес. Әдеттегідей сіздерге шынымды айтайын: министр қызметін атқарғанда еңбекақым 980 000 болды», - деп ағынан жарылды ол.
Сонымен қатар, ол музей директорына қызметінен түсетін табысы жалған ақпараттағы жалақысынан 95 пайызға аз екенін айтып өтті.
«ҚР Үкіметінің Қаулысы негізінде Ұлттық музей директоры ретінде 172 436 теңге есептеліп, қолыма 139 673 теңге берілетін болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Осылайша, ол күлкілі жағдайға қалғанын айтып, бұл тақырыпты талқыға салмауды сұрады.
«Осымен бұл тақырыпты талқылауды доғарайық, ағайын. Мұндай ұсақ-түйекке уақытымды енді кетірмеймін: ақылдылар өздері түсінеді, ақымақтарға түсіндіре алмайсың», - деп жазды Ұлттық музей директоры.