Заңгер әрі блогер Камиша Есмұхамбетқызы Арыс оқиғасына кінәліні таппаған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа шүйлікті.
«Президент барған жердің мәселесі неге тез арада шешілмейді? Депутаттар, министрлер, креслоларыңа жабысып қалмай, қаймыққан қара халықтың үйін түзеп берсеңдерші. Сіздерге Арыс қаласының тұрғындары ойыншық па? Митингке шықса жазалайсыңдар. Халық булықпағанда не істеу керек, қайыр сұрап алдыларыңа бару керек пе?», - деп жазды Камиша Есмұхамбетқызы Facebook-парақшасында.
Сондай-ақ, ол Қорғаныс министрінің отставкаға кетуін талап етті.
«Түркістан прокуратурасы ай қарап отыр ма? Қадағалаушы орган ретінде неге әрекет етпейсіздер? Қорғаныс министрі кінәліні тапаған екен, онда өзі кінәсін мойнына көтеріп, отставкаға кетсін! Ешкім оның малын, әскери бөлімін бағып-қақпайды. Қарапайым халық әскерлердің қолымен жасалған апаттан зардап шекпеу керек. «Табиғи апат» деген желеумен халықтың алдында кешірім сұрауға негіз тапаған министр, бұл түрімен пулемет пен гранатометті ажырата алмайтыны да анық», - деді блогер.