«Ұлт араздықты қоздырды» деп айыпталып жатқан Серікжан Біләштің соттағы сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Сот отырысында сөз алған ол қазақ xалқын өзін қорғауға шақырды.
«Ұлттың мүддесі тапталып жатқанда, қазақтың қызын қытайлар шырылдатып қорлап жатқанда, қазақтың жігітін қорлап, бүйрегін сатып жатқанда, Қазақстан азаматтығын алған адамды түрмеге қамап жатқанда сен үнсіз қалдың ба? Онда сен құлдыққа лайықсың», - деді Серікжан Біләш.
Желі қолданушыларының басым көпшілігі оны қолдайтынын айтқан. Ал кейбірі айтылған сөздерінің шындыққа жанаспайтынын жазған.
Серікжан Біләшті 2019 жылдың 10 наурызы күні түнде Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап әкеткен. Кейін оны Нұр-Сұлтанға алып кеткені белгілі болды.
Жас Алаш дерегіне сүйенсек, Біләштің үстінен бір адамның «Ұлт араздықты қоздырды» деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны айтылды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оның мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды. Ал 7 маусымда сот Біләштің үйқамақтағы уақытын 10 шілдеге, кейін тағы да 10 тамызға дейін созды.