$ 439.43  473.31  4.82

Атыраудағы балықтардың жаппай қырылуы: алғашқы сот отырысы өтті (ВИДЕО)

Судья айыпталушылардан «айыптау қорытындысымен келісесіздер ме?», «тағылған айыпты толық немесе ішінара мойындайсыз ба?», - деп сұрап еді, үшеуі де мойындамайтынын айтты.

Осы аптада Атырауда балықтардың жаппай қырылу оқиғасына байланысты сот басталғанын хабарлаған «Ақжайық» басылымы алғашқы сот процесінен репортаж ұсынды, деп жазды Azattyq.org.
Газетте қылмыстық іс бойынша үш адамға айып тағылған: «Атырау Су арнасы» коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсин. Олардан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

Сот ісін судья Дәуренбек Даумов қарады. Алғашқы сот процесінде прокурор Жақсылық Сиқымов бір сағатқа жуық уақыт бойы айыптау қорытындысын оқыған.

«Жайық өзеніндегі хлордан 14 тонна 273 кило частик тұқымдас балық уланып қырылды, 13 миллион 924 мың теңге көлемінде шығын келді. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының есебіне сәйкес, Орал-Атырау бекіре балығын өндіру зауыты 429 миллион 76 мың теңге шығынға батқан. «Лугов жылқы зауыты» ЖШС-де бекіре тұқымдас жүз тонна балық өліп, 626 миллион 427 мың теңге шығын келген. Кешенді сот-экологиялық сараптамасының қорытындысы бойынша «Атырау Су арнасы» коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны суға өте улы хлор қосқандықтан балықтар өлген», - деді прокурор.

Судья айыпталушылардан «айыптау қорытындысымен келісесіздер ме?», «тағылған айыпты толық немесе ішінара мойындайсыз ба?», - деп сұрап еді, үшеуі де мойындамайтынын айтты.

«Су тазарту станциясындағы ағын суды шартты түрде таза деп бекер айтпайды, айыптау тарабы айтқандай ол жерде соншалықты көп хлордың болуы мүмкін емес. Әйтпесе жұрт баяғыда-ақ уланып өлетін еді. Сондықтан біз қорғап отырған азаматтар тұтас тағылған айыпты мойындамайды», - деді адвокат Амантай Дүсіпов.

Оны адвокат Бауыржан Оразов та қолдаған.

«Айыптау қорытындысында тергеу орындары сүйенген сарапшылардың аты-жөндері нақты көрсетілмеген. Зерттеу барысында қанша көлемде хлор төгілгені көрсетілмеген, тіпті "хлор болуы мүмкін" деген тіркестер де кездеседі. Содан кейін сарапшылар бекіре тұқымдас балықтардың аммиактан өлгенін анықтаған, бірақ тергеу барысында аммиакты «Атырау Су арнасының» төккені дәлелденбеген. Көп жайттар қиылыспайды, факті жоқ, тек болжам ғана», - деді Оразов.

Балықтардың жаппай қырылуы жайлы былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты «Бөтен біреудің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» (204-бап, 2-бөлім) және «Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу» (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген.

Сот процесі осы аптада жалғасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары