$ 498.34  519.72  4.85

Болашаққа жасалған батыл қадам

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «5 инс­ти­туттық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қа­дам» жоспарын талқылау мақсатында Семейде арнайы жиын өтті. Жиынға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Сержан Әзбергенов, Семей қаласы № 2 сотының судьясы Жанат Әбенова және мемлекеттік қызметкерлер мен сот саласының қызметкерлері қатысты.

Жиынның басты тақырыбы стратегиялық құжаттың 1-2 тарауында белгіленген кәсі­би мемлекеттік аппаратты құру мен заңның үстемдігін қам­тамасыз ету жөнінде болды. С.Әз­­­бергенов айтып өткендей, Ұлт жос­парының алғашқы 15 қадамында мемлекеттік қыз­меткерлер корпусын кәсіби әрі ав­то­номиялы етуге басымдылық берілген. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі жаңғырып, үміткерлер өз жұмыстарын төменгі сатыдан бас­тайтын болады. Елбасы алдағы Қазақстанның даму жолын сайлау алдындағы бес реформамен, сол реформалар аясында жүзеге асатын 100 нақты қадаммен бай­ланыстырды. Алдымен бес реформаға келсек, бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының сессиясында Елбасының сайлау­алды бағдарламасы ретінде жарияланған болатын.

«Реформалар жоспары, бiрiн­шiден, әлемдегi бүгiнгi тұрақ­сыздық жағдайында халықтың қауiпсiздiгiн, екiншiден, кең ау­қымды жаңғыртуларды қам­тамасыз етедi. Тәуелсiздiк ал­­ған алғашқы жылдары егемен мемлекеттiң негiздері қаланды. Бұл мемлекеттi қалыптастырудың алғашқы ке­зеңi болды. Осыдан кейiн бiз қалыптасқан мемлекеттiң жолынан өттiк, бұл екiншi кезең едi. Қазiр үлкен реформалар басталып жатыр, бiз мәңгiлiк елге жол саламыз. Бұл бiздiң мемлекеттiк құрылыстың үшiншi кезеңi болады», деген еді Елбасы реформалар жоспарына түсініктеме бере отырып. Осы сайлауалды тұғыр­наманың маңыздылығына Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде де назар бұрып, қайта сайланған Президент ретінде ең бірінші кезекте Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құра­тынын жеткізген-тін», деді С.Әзбергенов.

Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланыс­ты көптеген іс-шаралардың атқа­ры­лып жатқаны белгілі. Осы орайда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жа­ңа этикалық кодексін жасау және басқа да мәселелер Ұлт жос­парының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кет­кеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған. Осы ретте Семей қаласы №2 сотының судьясы Жанат Әбенова азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арт­­тыру үшін сот жүйесі инстанциялары оңтайланатындығын баян­дады. Нақтырақ айтқанда, бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі төрелік тетігіне көшу жолдары қарастырылмақ. Бұдан өзге, судья лауазымына үміткерлер сарапталып, біліктілік талаптары күшейтілетін болады. Енді судья қызметіне тағайындалу үшін сынға түсетін азаматтардың 5 жылдық жұмыс тәжірибесі болуы міндет, деді Ж.Әбенова.

Ар тазалығы – жан таза­лығы. Бұл, әсіресе, Отанға қалтқы­сыз қызмет етіп жүрген мем­лекеттік қызметшілер мен ха­лық қалаулыларының қыз­метін айқындайтын бас­ты қа­ғи­­далардың бірі десек, қате­лес­пейміз. Сайлаушылардың ар­ман-мұраттары мен мақсат-тілектерін аманат ретінде арқалап, олармен жиі жүздесетін барлық деңгейдегі депутаттар билік ор­ган­дарындағы сенімді өкіл саналады. Ал артылған сенімді ақтау, оның нәтижелі болуы көбі­не-көп жеке белсенділікке байланыс­ты екені айтпаса да түсінікті. Кә­сі­би мемлекеттік ап­парат құ­­ру­дағы, заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі жанды іс-қимыл әрекет төменнен бастау алатынын ескерсек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап өтілгендей 97-қадам, өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамыту, азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту ар­қы­лы олардың құқықтары мен ер­кіндігін қамтамасыз ете алатын боламыз.

Осы тұрғыдан әңгіме өрбі­тетін болсақ, Уәлиханов аудан­дық мәслихатының бесінші шақы­­рылымында сайланған депутаттар демократия талаптарын қа­­таң сақтай отырып, өз қыз­меттерін заң аясында жүзеге асы­­рып келеді. Олар «Нұр Отан» партиясының мүшелері ретінде түрлі қоғамдық-саяси шараларға бастамашы болуды ізгі дәстүр санайды. Сөз арасында бүгінгі де­путаттық құрам тынымсыз із­денісімен, іскерлігімен, нақты ұстанымымен ерекшеленетінін баса айтқым келеді. Араларында қайта сайланған, жоғары білімді, білікті мамандар аз емес.

Мәслихат аса маңызды мәсе­лелерді күнібұрын белгі­легенде алдымен депутаттар кор­пусына арқа сүйейді. «Ке­ңе­сіп пішкен тон келте болмас» демекші, қабылданған шешімдер, біріншіден, мерзімінде орындалуға ықпал етері даусыз. Екіншіден, жауапкершілік сал­мағы жеке тұлға емес, көпшілік арқылы айқындалады. Үшіншіден, түпкі жұмыстың нәтижелілігіне бақылауға алынады. Мәселен, са­палы тіршілік нәрі біз сияқты шалғай аудан тұрғындары үшін өте маңызды мәселелердің бі­рі. Соған орай, «Ақбұлақ» бағдар­ла­масы қабылданғанда да, орын­далу жайы талқыланғанда да түрлі санаттағы жұртшылық өкіл­­­­дері кеңінен қатыстырылып, түйінді проблемалар күн тәртібіне шығарылды. Жа­уапты мекеме бас­шыларының есебі тыңдалып, өткір сауалдар қойылды.

Сол сияқты білім беру, денсау­лық сақтау, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламалары бо­йынша халықты жұмыспен қамту, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік кө­­­мек көрсету, бұқаралық спортты дамыту, жеткіншіктерді отан­­шылдық рухта тәрбиелеу, тұрғын үй құрылысының жай-күйі, жер ресурстарын тиімді пайдалану сияқты маңызды мә­се­­лелер кеңінен қамтылды. Эко­­номика және қаржы бөлімі басшысының бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалғанда, үнемделген қаржыны бірінші кезекте әлеуметтік салаларға бө­луге басымдық берілді. Аудан әкі­мінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бірінші жартыжылдық есебін тыңдау барысында елді мекендер мен көшелерді көркейтуге, абат­тандыруға қатысты салмақты пікір­лер айтылып, ауылдық ок­руг әкімдеріне, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөліміне, «Мөлдір су» мекемесіне нақты тапсырмалар берілді.

Депутаттар тарапынан туын­даған сұрақтар санитарлық таза­лықты сақтауға, оның ішінде, аудан орталығы – Кішкенекөл ауы­лының жолдарын күтіп ұс­тауға, грейдерлеу жұмыстарын жүр­гізуге, көшелерге жарық тартуға, істен шыққан шамдарды ауыс­тыруға қатысты айтылды. Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту 94,2 пайызды құрағанымен, 4 елді мекенге оның тасып жеткізі­летіні, мәселе шешілмеген күйінде қалып отырғаны сынға алынды. Сондай-ақ, игерусіз жат­қан ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерлерге байланысты мәселе тағы көтерілді. Себебі, өткен сессиялардың бірін­де бос жатқан тәлімі жерлерге базалық мөлшерлемелер 10 есеге дейін ұлғайтылған болатын. Алда ат­қарушы билік органдары мен салық басқармасының бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр. Бұл аудан бюджетін толықтырудың бірден-бір резерві екені рас. Қоры­та айтқанда, 9 ай ішінде 41 мәселе қаралып, жұртшылықтың орынды сын-пікірлері жан-жақты ескерілді.

Бюджет, экономикалық реформа, өндірістік сала, экология, өзін өзі басқару, депутаттық өкілеттік және этика, азаматтардың құқы­ғы мен заңдылықты сақтау жә­не әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиялар күнделікті жұмыстарында сай­лаушылардың ұсыныстарын жете ескеріп отырады. Оларға Т.Оспанов және К.Жантілеуов секілді тәжірибелі депутат­тар жетекшілік етеді. Биыл төрт бірлескен отырыс өткізі­ліп, қаралған мәселелер нақ­ты­лығымен ерекшеленді. Кәсіп­керлікті дамыту, қоғамдық тәр­тіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, тұтынушылардың құқығын қорғау, мүгедектерді әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясат шараларын мүлтіксіз орындау арқылы ғана белгілі нәтижеге жететінімізді халық қалаулылары талмай ұғындырып келеді.

Мәслихаттың көшпелі отырыс­тар өткізу тәжірибесі тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты. Үстіміздегі жылғы көктемгі су тас­қыны кезінде депутаттар Мырза­ғұл, Тілеусай ауыл­дарында болып, жергілікті жағ­даймен жіті танысты. Бөгет­терге уақытында жөндеу жұмыс­тары жүргізілмеуіне байланысты қарғын су шайып кеткені анықталды. Тұрақты ко­мис­­сияның көшпелі отырысында плотиналарды, жолдарды қалпына келтіру туралы ауылдықтардың өтініштері қанағаттандырылды. Пошта қызметкерлерінің сапасыз жұмысы, электр қуатының жетімсіздігі, Мырзағұл ауылының клуб ғимаратын жөндеу жөніндегі өтініштері ескерілді. Тексеру барысында кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жазаға тартылып, кемшіліктер жойылды.

Сайлаушылармен тығыз қа­рым-қатынас орнатудың, ма­ңыз­ды мәселелерді билік орын­­­дарына жеткізудің жолда­ры көп. Солардың бірі – арнайы жа­­­­сал­­ған кестеге сәйкес сайлау округтерінде азаматтар­ды қабылдау. Бұрындары жұрт­шылық көбіне жеке басқа қатыс­ты мәселелер толғандырып кел­­се, енді тақырыптың басқа ауан­­­­ға ойысқанын байқаймыз. Мұ­ның өзі адамдардың қоғам­дық белсенділігінің, саяси ой-жүйесінің артқанын, қо­ғам­дық мәселелер бей жай қал­дырмайтынын байқатса керек. Оған күн тәртібіне ауыларалық жолдарды тегістеу, мектеп ғима­рат­тарын жөндеу, азық-түлік пен көмірдің бағасын тұрақ­тан­дыру, балаларға арналған ойын алаң­­дарын салу мәселелерінің шығарылуы дәлел. «Нұр Отан» партиясы филиалының Қоғамдық қабылдауында да ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайды. Осылайша, депутаттар тиісті органдарға 48 са­уал жолдап, 35-і оң шешім тапты.

Депутаттар ауданның әлеу­мет­тік-экономикалық, қоғам­дық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және «Мектепке – жол» акциясы аясында 200 мың теңгенің қайырымдылық шаралары көрсетілді. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлы­ғында заттай, ақшалай, азықтай жәрдем­дер жасалады. Әр депутат өз округі бойын­ша аз қамтыл­ған жан­дарға, жалғызілікті қария­ларға, көпбалалалы отбасыларға жемшөп, қысқы отын түсіріп беру көмектерін ұйымдастырады.

Өз ойымды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 99-қадаммен түйіндегенді жөн көрдім. Онда жазылған бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқық­тары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құ­жат­тар жобаларын талқылау бө­лігін­дегі рөлдерін күшейту талабы жергілікті мәслихаттар мен де­путаттарға тікелей қатысы бар.

Биік мақсаттарды бағындыру талмай еңбектеніп, үйлесімді әре­кет ете білуімізге тікелей байланыс­ты екенін халық қалаулылары жақсы түсінеді.

Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.
«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мем­лекеттілігін нығайтуға, жолдан адас­пауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.
Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадам­дарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемле­кет­тік қызметкерлердің лауазымдық еңбек­ақы­ларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.
Ауыстырылатын мемлекеттік қызмет­керлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10- қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сек­тордың жекелеген мамандарын, халықара­лық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы сая­са­тының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қа­да­мында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау  14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестат­таудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған.
Ұлт Жоспарында сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» (18-қадам) деген міндеттер қойылған.
Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқа­ры­лып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған.
Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру; Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру; шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру; Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық дау­лар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәсе­лелер Ұлт Жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқа­нын айта кеткеніміз жөн.
Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда келесі міндеттер бойынша айқындалып отыр.
Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру; мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаң­ғырту; ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу; жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу және өзге де көкейкесті міндеттер Ұлт Жоспарының 33, 34, 35, 36, 37, 38-қадамдарында көрініс тапқан.
Ұлт Жоспарында белгіленген тапсырмалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған. Мәселен, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту; құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу; кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу; электр энергетикасы саласын қайтадан құру тәрізді өзекті міндеттер бүгінгі күн талабымен орайлас келіп отыр.
Бағдарламалық құжатта сондай-ақ ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту; экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру; ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту; өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірлеу. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер 61 және 76-шы қадам аралығында көрініс тапқан.
Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы ел келешегінің кемел болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идея­сын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген.
«Іске асыру тетігі» деп аталатын бөлімде бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылғаны туралы айтылған. Ұлттық комиссия бес инс­титуттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары