$ 494.87  520.65  4.91

Көш қайта түзелді

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдерде тұратын миллиондаған қандасымызды туған елге қайтару бағытында ұтымды көші-қон саясатын жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде осы жылдары Қазақстан Республикасы 944 мыңнан астам ағайындарды қабылдады, қазіргі уақытта олардың саны елдегі халықтың жалпы санының 5,5%-ға жуығын құрайды.

Алдын ала деректер бойынша, бүгінгі уақытта ТМД елдерінде 1,8 млн.адам және алыс шетелдерде 1,4 млн. адам тұрады. Кейбір деректерде шетелдердегі қазақтардың саны 5 млн.-ға жуық­тайды делінеді. Қалай бол­ғанда да, тарихи Отанына келу­ді аңсап, армандап жүрген қан­дастарымыздың санының әлі де көптігі бізді ойлантады. Олар­ды елге қабылдап, қоғамға кірік­тіруіміз керек.

Көші-қон үдерістерін рет­тейтін «Халықтың көші-қо­ны туралы» Заң 1997 жылы қабыл­данып, ол сол кезде ТМД елдеріне үлгі тарихи құжат болды. Бірақ, кейінгі жылдары осы заңды жетілдіруде, орындалу тетіктерін жақсартуда мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі шаралар жеткіліксіз алынып келді, осы­ның салдарынан этностық көші-қонды ұйымдастыруда орын алып келген проблемалар аз емес. Олардың бірі көшіп-қону­шыларды орналастыруды ұйым­дастыру болып табылады. Этнос­тық қазақтардың көші-қон ау­қымы көшіп келушілерді жайғас­тыруда өңірлер арасында теңге­рімсіздікке әкеліп соқтырды.

Көші-қон саясатын жүзеге асыру жылдарында заңнамада әкімшілік-аумақтық бөлініс бойын­ша қоныстандыру үшін ке­ліп жатқан бауырларды Үкі­мет айқындаған өңірлерге қоныс­тандыруды бекіту талаптары қа­рас­тырылмады. Республиканың аумағында тұрғылықты орынды алыстан келген ағайындар өз бетінше таңдады.

Осыған орай, қандастарды қоныс­тандыру өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық қажет­тіліктерін ескермей, бірдей емес жүр­гізілді. Әдеттегідей, шығу ел­­дері отандастардың қоныс­тану өңірлерін айқындады. Со­ның нәтижесінде, бүгінгі таңда ағайындардың басым көпшілігі 4 аймақта қоныстанып келді. Оңтүстік Қазақстан облысында – 21,2% (немесе 193,8 мың адам), Алматы облысында – 15,8% (144 мың адам), Маңғыстау облысында – 12,6% (114,4 мың адам), Жамбыл облысында 9,5% (86,3 мың адам) орналасқан. Осы жерде басып айта кететін мәселе, әлеуметтік көмек орналастыру өңіріне қарамастан, барлық бауырластарға бірдей көрсетілді.

Осындай жағдайлар 2013 жы­лы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Осы Заңға сәйкес, қандас мәртебесі этностық қазақтарға тек Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған ағайындарға ғана берілетін болды. Этностық қазақтар барған еліміздің қалған өңірлерлерінде оларға қандас мәртебесі берілмеді. Тұруға ықтиярхат алу үшін олар өз төлем қабілеттілігін растауға тиіс болды (бұл ретте, отбасының әр мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн.теңге орналастыру міндеттелді). Қандастардың азаматтық алу құ­қығы қандас мәртебесін алған­нан кейін 4 жылдан кейін пайда болатын болды. Сондай-ақ, қандастардың көшіп келу квотасы және тиісті әлеуметтік төлем­дер алынып тасталды.

Алайда, терең сараптама, жан-­­жақ­ты талдау жасалмай қабыл­­­данған заңнама шетелдерден келетін қандастарымыздың көші-қонын күрт баяулатты. Бұл жағдайға байланысты Елбасымыз тікелей тапсырма беріп, Үкіметтен этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыруға бағытталған этностық көші-қон саясатын жетілдіруді талап етті. Нәтижесінде, қайтадан «Көші-қон туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасы дайындалып, ол биылғы жылдың басында Парламент Мәжілісіне келіп түсті.

Заң жобасын жан-жақты қарау және осы саладағы қордаланған проблемалық мәселелерді осы заң аясында шешу үшін 43 адам­нан тұратын жұмыс тобы құрылып, оның құрамына депутаттар, мемлекеттік органдардың – Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің, ағайындарды біріктіретін үкімет­тік емес ұйымдардың, Халық­аралық көші-қон ұйымының өкілдері және тағы басқа жауапты қызметкерлер кіргізілді.

Заң жобасын қарау барысында Әлеу­меттік-мәдени даму ко­­ми­тетінің 2 кеңейтілген оты­рысы, жұмыс тобының 17 оты­­рысы өткізіліп, депутаттар та­­рапынан 200-ден астам ұсы­ныс­тар мен толықтырулар келіп түс­ті. Олар бойынша жұмыс тобы­ның отырыстарында тиісті ше­шім­дер қабылданды. Ал заң жо­басы Пар­ламент Мәжілісінде екі оқы­лымда қабылданып, Парламент Сенатына қарауға ұсынылды. Заң жобасымен бүгінгі күні ­ше­т­елдердегі қандастарымыздың Қазақ­стан Республикасының азамат­тығын алуда, визаны ұзар­туда туындап отырған бірқатар мәселелер шешімін тапты.

Атап айтқанда, ендігі жерде этностық қазақтар, қоныстанған өңіріне қарамастан, қандас мәртебесін ала алады, сондай-ақ, олар Қазақстан Республикасының азаматтығын тұрғылықты тұруға рұқсат алғаннан кейін 1 жыл мерзімде, өтініш берген күннен бастап 3 ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен ала алатын болды. Бұрын олар Қазақстанда 4 жыл тұрақ­ты тұруға міндетті еді. Сол сияқ­ты, Қазақстан Республи­касында тұрақты тұруға ықтияр­хат алу үшін этностық қазақтардан өзінің төлем қабілетін растау да талап етілмейтін болды. Ал ағайындар Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін (отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде), қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беруді құрай­тын әлеуметтік пакет көзделуде. Сондай-ақ, еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған бауырлардың да әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Сонымен қоса, алғашқы қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кеткендердің алған көмектерін қайтару міндеттері қарастырылған.

Сонымен қатар, заң жобасына депутаттар тарапынан кейбір проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған түзетулер енгізіліп, олар Мәжілістің жалпы отырыс­ында бірауыздан қабылданды:

— шетелдердегі дарынды этностық қазақ жастарының келуін және Қазақстан азамат­тығын алуын ынталандыру мақ­сатында Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқитын этнос­тық қазақ студенттеріне жеңіл­детілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын беру көзделді;

— Қазақстан Республикасында тұратын алыстан келген ағайындар мен шетел­діктерге визаны ұзарту мәселесін жеңілдететін, яғни визаны ішкі істер органдары арқылы ұзартуға мүмкіншілік беретін нормалар қабылданды, бұрын 3 ай сайын визаны ұзарту үшін қандастарымыз шыққан мемлекеттеріне барып қана ұзарта алатын еді;

— отбасын біріктіру мақсатында шетелдерде тұратын этностық қазақтардың арасындағы туыстарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру үшін азамат­тардың шақыртуларын қарай­тын және куәландыратын құзы­ретті жергілікті атқарушы орган­дарға беру туралы нормалар қабылданды;

— ағайындардың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу кезіндегі қиындықтар туғызып келген кей­бір кедергілер жеңілдетілді, атап айтқанда, бұрын тек бір құқық бұзушылық болған жағдайда рұқсат берілмесе, заң жобасымен бірнеше рет құқық бұзушылық болған жағдайда ғана рұқсат берілмейтін норма алынды;

— қандастардың Қазақстан азаматтығын алғанға дейін жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ИИН) болмауынан балаларын мектепке, балабақшаға орна­ластыруда, емхана, аурухана­лар­да тіркеліп емделуде, ­зей­нет­­­ақы жарналарын және әлеу­мет­тік төлемдерді аударуда қиын­­дықтардың болуына бай­ла­нысты, осы заң жобасымен мұндай жеке сәйкестендіру нө­мірі қандас мәртебесін алған­нан бас­тап берілетін болып белгі­ленді, яғни куәлігі жеке сәй­кестендіру нөмірі бар құжат­тардың тізбесіне енгізілді;

— бауырластар қызметтік немесе жеке тұрғын үйі бол­ма­ған кезде қандастарды бейім­деу және ықпалдастыру орта­лық­­тарында, білім беру меке­меле­рі­нің жатақханаларында уақытша тіркелу құқығын беру туралы тү­зету қабылданды.

Сонымен бірге, Қытай Халық Республикасынан қоныс аударған қандастарымыздың қойып жүрген екі мәселесі бойынша да тиісті шешімдер қабылданды.

Бірінші – шыққан мемлекеттің келісімі туралы анықтама бойынша: заң жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттар тарапынан бұл мәселе әлденеше рет көтеріліп, нәтижесінде мұндай анықтама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулысымен Мемлекеттік қызметтер стан­дарт­тарындағы тізбеден Қытайдан келетін қандастарымыз үшін алынып тасталды.

Екінші – соттылығы жөніндегі анықтама бойынша: жұмыс тобының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі Қытайдан қоныс аударған этностық қазақ­тардың соттылығы туралы анық­таманы алудағы пробле­малар жөніндегі мәселені Қы­тайдағы Қазақстан елшілігі ар­қылы зерделеді. Нәтижесінде, анық­таманы Қытайдың әр провинция­сы өздерінің үлгілерімен бере­тін­дігі, бірақ өтелмеген сотты­лығы бар адамдардың елден шығуына байланысты мәселе терең зерттеуді қажет ететіндігі анықталды. Министрлік алдағы уақытта Қазақстандағы Қытай елшісімен кездесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратыны жө­нін­де ақпарат берді. Жалпы, біздің ойымызша, бұл мәселе заңмен емес, халықаралық келі­сім­-
шарт­тармен немесе Үкіметтің қау­лысымен реттелуге тиіс.

Осы заң жобасымен, соны­мен қатар, ішкі көші-қон сала­сындағы проблемаларды шешуге бағытталған нормалар да қабылданды.

Бүгінгі таңда ішкі көші-қон­ды реттеуде демографиялық, экономикалық, өнімділік, еңбек үйлесімсіздіктері қалыптасып отыр. Мәселен, осы жағдай сақталған кезде, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн. адамға қысқарып, оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға көбейеді. Болжамдар бойынша, оңтүстік өңірлердің қоныстану тығыздығы солтүстік өңірлердің қоныстану тығыздығынан 4 есеге артады.

Оңтүстік өңірлерде (Алма­ты қаласын қоспағанда) Қазақ­стандағы халықтың 38%-ы тұрады, олардың жалпы өңір­лік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі тек 17%-ды құрайды. Солтүстік өңір­лерде тұратын халықтың 29%-ына ЖӨӨ-нің 25%-ы келеді. Ал дүние­жүзілік тәжірибеде эконо­микалық өсу негізінен халықтың ең көп шоғырланған аудандарында жүзеге асады. Дәл сол жақ­тарға негізгі инвестициялар бағыт­талады, дарынды жастар да сонда ұмтылып, ғылым мен инновациялар да сонда қалыптастырылады.

Қазақстан Республикасында жағдай керісінше қалыптасып отыр. Халық ең көп шоғырланған оңтүстік өңірлерде өнімділік ең төмен, батыс облыстарда ең жоғары, солтүстік өңірлерде әлемдік деңгейге жақын екендігін белгілеу қажеттілігі туындауда. Сол сияқты, таяу арадағы 5 жыл­да 90-шы жылдардағы демографиялық өсудің азаюына байланысты жаңа қызметкерлер ағымының азаюы байқалатын болады. Осыған орай, жұмыс күшіне сұранысты ішкі резервтерді – жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыс­пен қамтығандардың есебінен қамту жоспарлануда.

Міне, осы заң жобасында ішкі көші-қон саласындағы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықтың орналасу диспропорциясы мәселесін шешу мүмкіндіктері қарастырылды. Осыған орай, заң жобасында жұмыс күші көп өңірлерден Үкі­мет айқындаған еңбек ресурстары тапшы өңірлерге көшкен­дерге көлік шығындарын өтей­тін, қызметтік тұрғын үй неме­се жатақханадан бөлме беру, ша­ғын несиелер беруді құрайтын әлеуметтік пакет қарастырылатын болады.

Сонымен қатар, Үкімет айқын­даған өңірлерде жоғары оқу орындары мен колледждерді көбейтіп, олардың жанында орналасқан жа­тақ­ханаларда орын санын ұлғай­тып, тығыз қоныстанған аймақтар­дағы ауыл жастары үшін солтүс­тік өңірлерде арнайы оқу грантт­а­рын ұйымдастыру ұсынылады.

Алдағы жылы Мемлекет басшысы 1991 жылғы 31 желтоқсанда жариялаған «Атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» мақаласына (1992 жылдың 1 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) 25 жыл толады. Ал осы заң жобасы Елбасының сол мақалада айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруда шетелдердегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуын әрі қарай ынталандырады, сөйтіп, Қазақ көшін жандандырады деп сенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары