Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «5 институттық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» жоспарын талқылау мақсатында Семейде арнайы жиын өтті. Жиынға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Сержан Әзбергенов, Семей қаласы № 2 сотының судьясы Жанат Әбенова және мемлекеттік қызметкерлер мен сот саласының қызметкерлері қатысты.
Жиынның басты тақырыбы стратегиялық құжаттың 1-2 тарауында белгіленген кәсіби мемлекеттік аппаратты құру мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде болды. С.Әзбергенов айтып өткендей, Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамында мемлекеттік қызметкерлер корпусын кәсіби әрі автономиялы етуге басымдылық берілген. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі жаңғырып, үміткерлер өз жұмыстарын төменгі сатыдан бастайтын болады. Елбасы алдағы Қазақстанның даму жолын сайлау алдындағы бес реформамен, сол реформалар аясында жүзеге асатын 100 нақты қадаммен байланыстырды. Алдымен бес реформаға келсек, бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының сессиясында Елбасының сайлауалды бағдарламасы ретінде жарияланған болатын.
«Реформалар жоспары, бiрiншiден, әлемдегi бүгiнгi тұрақсыздық жағдайында халықтың қауiпсiздiгiн, екiншiден, кең ауқымды жаңғыртуларды қамтамасыз етедi. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары егемен мемлекеттiң негiздері қаланды. Бұл мемлекеттi қалыптастырудың алғашқы кезеңi болды. Осыдан кейiн бiз қалыптасқан мемлекеттiң жолынан өттiк, бұл екiншi кезең едi. Қазiр үлкен реформалар басталып жатыр, бiз мәңгiлiк елге жол саламыз. Бұл бiздiң мемлекеттiк құрылыстың үшiншi кезеңi болады», деген еді Елбасы реформалар жоспарына түсініктеме бере отырып. Осы сайлауалды тұғырнаманың маңыздылығына Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде де назар бұрып, қайта сайланған Президент ретінде ең бірінші кезекте Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құратынын жеткізген-тін», деді С.Әзбергенов.
Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және басқа да мәселелер Ұлт жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған. Осы ретте Семей қаласы №2 сотының судьясы Жанат Әбенова азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру үшін сот жүйесі инстанциялары оңтайланатындығын баяндады. Нақтырақ айтқанда, бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі төрелік тетігіне көшу жолдары қарастырылмақ. Бұдан өзге, судья лауазымына үміткерлер сарапталып, біліктілік талаптары күшейтілетін болады. Енді судья қызметіне тағайындалу үшін сынға түсетін азаматтардың 5 жылдық жұмыс тәжірибесі болуы міндет, деді Ж.Әбенова.
Ар тазалығы – жан тазалығы. Бұл, әсіресе, Отанға қалтқысыз қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен халық қалаулыларының қызметін айқындайтын басты қағидалардың бірі десек, қателеспейміз. Сайлаушылардың арман-мұраттары мен мақсат-тілектерін аманат ретінде арқалап, олармен жиі жүздесетін барлық деңгейдегі депутаттар билік органдарындағы сенімді өкіл саналады. Ал артылған сенімді ақтау, оның нәтижелі болуы көбіне-көп жеке белсенділікке байланысты екені айтпаса да түсінікті. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы, заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі жанды іс-қимыл әрекет төменнен бастау алатынын ескерсек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап өтілгендей 97-қадам, өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту арқылы олардың құқықтары мен еркіндігін қамтамасыз ете алатын боламыз.
Осы тұрғыдан әңгіме өрбітетін болсақ, Уәлиханов аудандық мәслихатының бесінші шақырылымында сайланған депутаттар демократия талаптарын қатаң сақтай отырып, өз қызметтерін заң аясында жүзеге асырып келеді. Олар «Нұр Отан» партиясының мүшелері ретінде түрлі қоғамдық-саяси шараларға бастамашы болуды ізгі дәстүр санайды. Сөз арасында бүгінгі депутаттық құрам тынымсыз ізденісімен, іскерлігімен, нақты ұстанымымен ерекшеленетінін баса айтқым келеді. Араларында қайта сайланған, жоғары білімді, білікті мамандар аз емес.
Мәслихат аса маңызды мәселелерді күнібұрын белгілегенде алдымен депутаттар корпусына арқа сүйейді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, қабылданған шешімдер, біріншіден, мерзімінде орындалуға ықпал етері даусыз. Екіншіден, жауапкершілік салмағы жеке тұлға емес, көпшілік арқылы айқындалады. Үшіншіден, түпкі жұмыстың нәтижелілігіне бақылауға алынады. Мәселен, сапалы тіршілік нәрі біз сияқты шалғай аудан тұрғындары үшін өте маңызды мәселелердің бірі. Соған орай, «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданғанда да, орындалу жайы талқыланғанда да түрлі санаттағы жұртшылық өкілдері кеңінен қатыстырылып, түйінді проблемалар күн тәртібіне шығарылды. Жауапты мекеме басшыларының есебі тыңдалып, өткір сауалдар қойылды.
Сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша халықты жұмыспен қамту, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсету, бұқаралық спортты дамыту, жеткіншіктерді отаншылдық рухта тәрбиелеу, тұрғын үй құрылысының жай-күйі, жер ресурстарын тиімді пайдалану сияқты маңызды мәселелер кеңінен қамтылды. Экономика және қаржы бөлімі басшысының бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалғанда, үнемделген қаржыны бірінші кезекте әлеуметтік салаларға бөлуге басымдық берілді. Аудан әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бірінші жартыжылдық есебін тыңдау барысында елді мекендер мен көшелерді көркейтуге, абаттандыруға қатысты салмақты пікірлер айтылып, ауылдық округ әкімдеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне, «Мөлдір су» мекемесіне нақты тапсырмалар берілді.
Депутаттар тарапынан туындаған сұрақтар санитарлық тазалықты сақтауға, оның ішінде, аудан орталығы – Кішкенекөл ауылының жолдарын күтіп ұстауға, грейдерлеу жұмыстарын жүргізуге, көшелерге жарық тартуға, істен шыққан шамдарды ауыстыруға қатысты айтылды. Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту 94,2 пайызды құрағанымен, 4 елді мекенге оның тасып жеткізілетіні, мәселе шешілмеген күйінде қалып отырғаны сынға алынды. Сондай-ақ, игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге байланысты мәселе тағы көтерілді. Себебі, өткен сессиялардың бірінде бос жатқан тәлімі жерлерге базалық мөлшерлемелер 10 есеге дейін ұлғайтылған болатын. Алда атқарушы билік органдары мен салық басқармасының бірлесе жұмыс істеу міндеті тұр. Бұл аудан бюджетін толықтырудың бірден-бір резерві екені рас. Қорыта айтқанда, 9 ай ішінде 41 мәселе қаралып, жұртшылықтың орынды сын-пікірлері жан-жақты ескерілді.
Бюджет, экономикалық реформа, өндірістік сала, экология, өзін өзі басқару, депутаттық өкілеттік және этика, азаматтардың құқығы мен заңдылықты сақтау және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиялар күнделікті жұмыстарында сайлаушылардың ұсыныстарын жете ескеріп отырады. Оларға Т.Оспанов және К.Жантілеуов секілді тәжірибелі депутаттар жетекшілік етеді. Биыл төрт бірлескен отырыс өткізіліп, қаралған мәселелер нақтылығымен ерекшеленді. Кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, тұтынушылардың құқығын қорғау, мүгедектерді әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік саясат шараларын мүлтіксіз орындау арқылы ғана белгілі нәтижеге жететінімізді халық қалаулылары талмай ұғындырып келеді.
Мәслихаттың көшпелі отырыстар өткізу тәжірибесі тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты. Үстіміздегі жылғы көктемгі су тасқыны кезінде депутаттар Мырзағұл, Тілеусай ауылдарында болып, жергілікті жағдаймен жіті танысты. Бөгеттерге уақытында жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты қарғын су шайып кеткені анықталды. Тұрақты комиссияның көшпелі отырысында плотиналарды, жолдарды қалпына келтіру туралы ауылдықтардың өтініштері қанағаттандырылды. Пошта қызметкерлерінің сапасыз жұмысы, электр қуатының жетімсіздігі, Мырзағұл ауылының клуб ғимаратын жөндеу жөніндегі өтініштері ескерілді. Тексеру барысында кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жазаға тартылып, кемшіліктер жойылды.
Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, маңызды мәселелерді билік орындарына жеткізудің жолдары көп. Солардың бірі – арнайы жасалған кестеге сәйкес сайлау округтерінде азаматтарды қабылдау. Бұрындары жұртшылық көбіне жеке басқа қатысты мәселелер толғандырып келсе, енді тақырыптың басқа ауанға ойысқанын байқаймыз. Мұның өзі адамдардың қоғамдық белсенділігінің, саяси ой-жүйесінің артқанын, қоғамдық мәселелер бей жай қалдырмайтынын байқатса керек. Оған күн тәртібіне ауыларалық жолдарды тегістеу, мектеп ғимараттарын жөндеу, азық-түлік пен көмірдің бағасын тұрақтандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселелерінің шығарылуы дәлел. «Нұр Отан» партиясы филиалының Қоғамдық қабылдауында да ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайды. Осылайша, депутаттар тиісті органдарға 48 сауал жолдап, 35-і оң шешім тапты.
Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және «Мектепке – жол» акциясы аясында 200 мың теңгенің қайырымдылық шаралары көрсетілді. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлығында заттай, ақшалай, азықтай жәрдемдер жасалады. Әр депутат өз округі бойынша аз қамтылған жандарға, жалғызілікті қарияларға, көпбалалалы отбасыларға жемшөп, қысқы отын түсіріп беру көмектерін ұйымдастырады.
Өз ойымды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 99-қадаммен түйіндегенді жөн көрдім. Онда жазылған бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту талабы жергілікті мәслихаттар мен депутаттарға тікелей қатысы бар.
Биік мақсаттарды бағындыру талмай еңбектеніп, үйлесімді әрекет ете білуімізге тікелей байланысты екенін халық қалаулылары жақсы түсінеді.
Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған. «100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. Онда: Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған. Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадамдарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10- қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қадамында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау 14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған. Ұлт Жоспарында сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» (18-қадам) деген міндеттер қойылған. Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру; Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру; шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру; Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәселелер Ұлт Жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқанын айта кеткеніміз жөн. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда келесі міндеттер бойынша айқындалып отыр. Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру; мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту; ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу; жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу және өзге де көкейкесті міндеттер Ұлт Жоспарының 33, 34, 35, 36, 37, 38-қадамдарында көрініс тапқан. Ұлт Жоспарында белгіленген тапсырмалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған. Мәселен, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту; құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу; кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу; электр энергетикасы саласын қайтадан құру тәрізді өзекті міндеттер бүгінгі күн талабымен орайлас келіп отыр. Бағдарламалық құжатта сондай-ақ ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту; экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру; ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту; өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірлеу. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер 61 және 76-шы қадам аралығында көрініс тапқан. Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы ел келешегінің кемел болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген. «Іске асыру тетігі» деп аталатын бөлімде бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылғаны туралы айтылған. Ұлттық комиссия бес институттық реформаны кезең-кезеңімен орындауды келісілген басқару бойынша жүзеге асыруы, тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындауы тиіс екені және өзге де жайттар атап көрсетілген.