Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының сұрақтары мен өтініштеріне арналған виртуалды қабылдауы ашылғанын жариялады. Бұл туралы ол Instagram-парақшасында жазды.
«Қоғаммен пікір алмасуды жолға қою, әрбір азаматтың сұрауын қанағаттандыру, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында www.akorda.kz сайтында менің Виртуалды қабылдауым ашылды. Қазірдің өзінде Виртуалды қабылдауға көптеген хаттар келіп түсуде. Республика азаматтарының жеке немесе қоғамдық сипаттағы түрлі мәселелері бойынша өтініштері қаралады. Әр хат ресми тіркеледі, оны өзім де қараймын және Әкімшілік қызметкерлері де қарастырады», - деді Президент.
Оның айтуынша, виртуалды қабылдаудың заңды күші бар және еліміздің әрбір азаматы ресми түрде сұрау салуға мүмкіндік беретін алаң боп табылады.