Жаз мезгілінде үлкеннің де, кішінің де сүйіп жейтін көкөністерінің бірі – қарбыз. Отаны Оңтүстік Африка саналатын бұл көкөніс жаздың ыстығында шөліңді басуға таптырмас амал. Шілде айының басында-ақ қарбыз еліміздің жеміс-жидек дүкендерінің сөрелерінде тұрады. Тамыздың басына қарай епті саудагерлер қарбызды көк шөптің үстіне үйіп тастап-ақ саудасын жүргізе береді. Ал сіз осынау төбедей боп үйіліп тұрған қарбыздың ішінен ең тәттісін, ең дәмдісін таңдай аласыз ба? Егер, таңдай білмесеңіз, онда BNews.kz ақпарат агенттігі бүгін сіздерге оның әдіс-тәсілдерін ұсынып отыр.
Сонымен, егер бал татыған қарбыздың дәмін татқыңыз келсе, онда мына ережелерді қатаң ұстаныңыз:
1. Ең алдымен, қарбыздың көлеміне назар аударыңыз. Қарбыз көлемі тым кішкентай болмауы керек. Көзмөлшермен алғанда, оның көлемі футбол добындай болуы қажет. Қарбыздың тым шағын болуы оның егіс алқабында қажетті күннің көзін, құнарлы заттарды алмағанын білдіреді. Сол сияқты, аса «алып» қарбыздардан да аулақ болыңыз. Оның көлемінің аса үлкен болуы бұл қарбыздың нитратқа «қарын тойдырғанын» білдіреді.
2. Қарбыздың түрі көп екені белгілі. Оның түріне байланысты сыртқы түсінің де бояуы әркелкі болады. Алайда, елімізде көбіне сыртқы түсі қою жасыл және ашық жасыл жолақтардан тұратын қарбыз кең таралған. Ендеше біле жүріңіз, дәмді қарбыздың сыртқы жасыл жолақтарының түсі қанық болуы керек. Сондықтан, түсі шайылғандай рең беретін қарбыздан аулақ болыңыз.
3. Дәмді қарбыздың сабағы шіріген болуы керек. Әрине, оны егіс алқабынан жұлып алғаннан кейін ол сату орнына жеткізілгенге дейін де шіріп кетуі мүмкін. Алайда, сол сабағы өсіп шығатын «түймешікке» де мән беріңіз. Ол ақ түсті әрі құрғақ болуы керек.
4. Қарбыз далада, егін алқабында, жерде, яғни топырақта пісетіні баршамызға белгілі. Бұл жемісті ағашта өседі деп ойлайтындар кемде-кем шығар. Сондықтан, қарбыздың егін алқабында жатқан жері ақ немесе сарғыш түсті емес, ол қызғылт сары болуы керек. Бұл «бүйірінің» ақшыл түсті болуы оның алқаптан ерте жұлынып алынғанын, сәйкесінше, оның толық пісіп үлгермегенін білдіреді.
5. Қарбыз сатып аларда басым көпшілігіміз қарбыз жалма-жан шерткілеп, тырсылдатып, оның дыбысына құлақ тоса жөнелеміз. Жалпы, бұл қарбыздың дәмдісін таңдаудағы қате әдіс екен. Қарбызды шертілген сұқ немесе ортан саусақтың көмегімен емес, алақанның көмегімен анықтау керек. Себебі, бір ғана саусақ қарбыздың пісіп жетілген немесе шикілігін анықтай алмайды екен. Себебі, бұл адам басынан үлкен көкөніс. Сонымен, қарбызды сол қолыңызға алып, оны оң алақаныңызбен ақырын ұрыңыз. Сонда сол қолыңызда тұрған қарбыз аздаған діріл беруі керек. Бұл оның нарттай қызыл болып піскенін білдіреді.
6. Сонымен қатар, қарбыздың салмағына да мән беріңіз. Көлемі шағын, алайда, салмағы өз көлеміне сай келмейтіндіктей ауыр болуы оның дұрыс жетілмеген жеміс екенін білдіреді.
7. Қарбыз таңдаудың тағы бір әдісі – оған тырнағыңызды батырып көру екен. Толық піскен қарбыздың қабығына тырнақ батыру мүмкін емес. Себебі, ол барынша пісіп жетілгендіктен, оның қабығы да барынша қатты болады.
Міне, қарбыз таңдаудың осы жеті қағидасын меңгерген болсаңыз, сіз күнделікті ең дәмді қарбызды жейтініңізге сенімді боласыз.