$ 494.87  520.65  4.91

«Орта жолдан қалай тоқтатамыз?»: Алтай Көлгінов LRT жобасын сынағандарға жауап берді

Ол сондай-ақ, жобаны қайта қарау кезінде Президент айтқан сынның бәрі ескерілетінін жеткізді.
Фото: HOLA News
Фото: HOLA News

Дамыған қоғамда адамдардың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда жобаны оңтайландыру арқылы құрылысы шығынын азайту бойынша жұмыс басталған. 

«Қазірдің өзінде қаншама жұмыстар жасалып қойды. Бұл жоба – болашақтың жобасы. Ел астанасы әлі өсетіні анық. Бұрын қандай қалай еді, қазір қандай қала? Халқы осынша өсетінін ешкім болжай алған жоқ. Дамыған қоғамда адамдардың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Аспалы теміржол – соның бірі», - деді елорда әкімі бүгінгі жиыннан кейін журналистерге берген сұхбатында. 

Ол сондай-ақ, жобаны қайта қарау кезінде Президент айтқан сынның бәрі ескерілетінін жеткізді. 

«Сын айтылды. Енді соның негізінде жұмыс істейміз. Орта жолдан қалай тоқтатамыз? Халықаралық міндеттеме деген бар. Ең бастысы, құрылысты сауатты әрі сапалы етіп жолға қою керек. Ақшасы мен инфрақұрылымын нақты мамандар есептейтін болады. Жобаның құны қысқаруы мүмкін», - деді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімі «LRT құрылысы бойынша «Астана» банкінің бұғатталған барлық қаражаты мемлекетке қайтарылуы тиіс», - деген болатын.

Ал Мұхтар Тайжан бұл жобаға кеткен халықтың ақшасын қайтаруды сұрады. 

Сондай-ақ, LRT жобасын BI GROUP басшысы Айдын Рахимбаев та сынап тастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары