$ 498.34  519.72  4.85

Арыстағы жарылыс: қала ішінде жалғыз қалған азамат оқиғаны толық баяндап берді

Оқ-дәрі қоймасы осы жерден тікелей тартқанда 7 шақырымдай қашықта, дегенмен бізге көрініп тұрады. Біраздан соң қаптаған адам, автокөлік нөпірі басталды. Әйелім үрейленіп, не істейміз деп жүр. «Қашыңдар!» – дедім. Олар да жұртпен бірге кетті. Он минут уақыт ішінде жалғыз қалдым.

Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан бүгінде әлем жұртшылығы құлағдар. Осы орайда оқиғаның қалай болғанын білмекке шетелден келіп жатқан журналистер де жоқ емес. Солардың бірі – неміс қызы Эдда Шлягер таяуда Арысқа арнайы барып, жергілікті тұрғын Әуелхан Назарқасымұлымен сұхбаттас болды, деп жазды Zamandas.kz.

Жалпы, Арыс қаласының тұрғыны Әуелхан Назарқасымұлының есімі «Фейсбук» әлеуметтік желісін қолданушыларға жақсы таныс. Желіде ол өзінің қоғамдық-саяси жайларға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп отырады. 

Міне, осы азамат кешегі Арыста болған жарылыстар кезінде үдере қашқан мыңдаған адамға, тіпті өзінің әйелі мен бала-шағасына да ілеспей, қалада қалып қойды, ондағы оқиғаларға көзбе-көз куә болды, көрген-түйгендерін желіде жариялап отырды. Яғни Арыстағы сол бір үрейлі күндер мен түндердің хроникасын беріп отырды десек болады.

Осыны естіген неміс қызы Эдда Шлягер Әуелхан Назарқасымұлын Арысқа арнайы іздеп барып, одан сұхбат алыпты. Э.Шлягердің: «Сол күні не көріп-білдіңіз?» – деген сұрағына ол кісі былай деп жауап беріпті:

«Жарылыстар 24-маусым күні таңғы сағат 9.35-тің шамасында басталды. Оқ-дәрі қоймасы осы жерден тікелей тартқанда 7 шақырымдай қашықта, дегенмен бізге көрініп тұрады. Біраздан соң қаптаған адам, автокөлік нөпірі басталды. Әйелім үрейленіп, не істейміз деп жүр. «Қашыңдар!» – дедім. Олар да жұртпен бірге кетті. Он минут уақыт ішінде жалғыз қалдым.

Бір кезде снарядтар дүркіндете жарыла бастады. Бір әжейдің немересімен бірге қашып бара жатқанын терезенің ашық көзінен байқап қалып, суретке түсірдім, оны «Фейсбукке» тастадым. Сол кезде әйнектен жарылыс толқыны кіріп, шалқамнан құладым.

Дәл осылай болды деп маған өзге біреу айтса, сенбес едім. Содан әлгілерді екінші мәрте суретке түсірейін деп едім, көзіме көрінбеді. Мүмкін бір көлікке отырып кеткен шығар.

Қысқасы, жарылыстар түнгі 3.30-дың шамасына дейін болып жатты. Бір кез тына қалады да, кенеттен қайтадан қатты жарылыс болады. Мен ол жөнінде «Фейсбукке» жазып отырдым. Маған жан-жақтан хабарласушылар өте көп болды.

Сағат түнгі 3.30-да балам келді, «Шардара», «Бөген» су қоймалары ашылады деген сөздерді естіпті, мені әкетпекші болды, бірақ мен оған көнбедім. Содан таңғы 8-ден 10-ға дейін тағы да жарылыстар басталды. Кешкі 9-дарда жарық сөніп қалды. Түнгі 2-де мені әкетпек болып үлкен ағам келді. Оған да көнбей, үйде  қалып қойдым. Таңға дейін ұйықтамай отырдым», - деп баяндады ол.

Қысқасы, Әуелхан Назарқасымұлы неміс тілшісіне сол күндері Арыстан шықпай, 28-маусымда қалаға қайтқан жерлестерін қарсы алғанына дейін айтып беріпті. Журналист қыздың қойған сұрақтарына орай біраз жайлар туралы айтқан. Оның ішінде осындай қатерге жол берген басшылар мен мемлекетке қатысты сын-пікірлері де, қиын шақта жақсы жұмыс атқарған азаматтарға, көмек қолын созған облыс, республика жұртшылығына білдірген алғысы да – бәрі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Арыс қаласы